Мерекелік тарту: «Хабар» Агенттігі «Анашым» әніне бейнебаян түсірді
Түсірілімге екі аптаға жуық уақыт кеткен. Бейнебаянның идеясы – түтін түтетіп, бесік тербеген аналар мен арулар қауымына деген құрмет пен ізгілік. Арна ұжымы мереке қарсаңында аяулы жандарды осылай қуантпақ. Айтпақшы, бұл бейнебаян арнаның алғашқы жобасы емес.
Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:
- «Хабар» Агенттігі мерейлі мерекеге орай осындай тарту жасап жатыр. Былтыр «Ана туралы жыр» әніне, биыл «Анашым» әніне клип түсірілген. Пандемияға байланысты бірнеше локацияны алып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап түсірдік. Одан сапасы төмен болған жоқ деп ойлаймыз.
Бейнебаянда ана мен баланың жылы қарым-қатынасы әртүрлі эпизодпен сәтті көрсетілген. Ана деген ардақты да асқақ атты арқалаған жандардың мейірімі мен махаббаты, жанкештілігі де осында. Ел алдында жүрген өнер адамдары да аналарымен бір үстел басында қосыла ән шырқады.
Бақытгүл Төрехан, «Хабар» телеарнасының музыкалық продюсері:
- Бейнабаянда тек әншілер емес, өмірдегі өздерінің аналары бірге түсті. Клип барша ананың құрметіне арналғандықтан, бейнебаян тек қана жұлдыздардың аналары туралы түсірілген жоқ. Әртүрлі образ жасауға тырыстық.
Бейнебаянға «Анашым» әнінің таңдалуы бекер емес. Себебі Қайрат Жұмағалиевтың сөзіне жазылған, Марат Омаровтың «Анашым» туындысын білмейтін жан кемде кем. Әсіресе «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген тіркесі ел ауызында мақалға айналып кеткелі қашан?! Бейнебаян 4-10 наурыз аралығында «Хабар» Агенттігінің арналарынан көрсетіледі.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Қанат Әбілдин