«Хабар» Агенттігі әз-Наурызда көрерменін тың жобалармен қуантпақ
Соның бірі – «Наурыз-Думан» әніне түсірілген жаңа бейнебаян. Әйгілі ән бұл жолы жаңаша түлемек. Ондағы әншілер түрлі рөл сомдап, өткен мен бүгінгінің сабақтастығы арқылы қазақтың нағыз болмысын аша түспек.
Мейрам қарсаңында Роза Рымбаева бастаған еліміздің бір топ жарқын жұлдыздары бұл әнді жаңа аранжировкада орындайды. Осыдан 32 жыл бұрын қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен дарынды композиторы Талғат Сарыбаевтың шығармашылығынан туындаған ән тыңдарманға қайта жол тартады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Бейнебаянда менімен бірге ең талантты жас жұлдыздар ән шырқайды. Сонымен қатар мұндағы көріністер де ерекше. Менің ойымша, бұл клип көрерменнің көңілінен шығады.
Клиптің тағы бір ерекшелігі – Роза Рымбаева мұнда кейуана рөлін сомдайды. Бейнебаян Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында түсірілген. Режиссері – Жансая Көпбаева. Қоюшы операторы – азиялық «Оскар» сыйлығының номинанты Еркінбек Пітірәлиев. Түсірілім дайындықтарына екі аптаға жуық уақыт кеткен. «Мұндағы басты мақсат– Наурызды өскелең ұрпаққа аманат ету», – дейді түсірілім тобы.
Айдана Орынбекова, гримм суретшісі:
- Өнер жолын енді ғана бастап келе жатқан Қарақат Башанова, Ержан Максим сияқты бүлдіршіндерімізге, өскелең ұрпаққа Наурыз мейрамын аманаттауды мақсат тұттық.
Жаңа клипте әннің ұлттық бояуы қалыңдап, тынысы кеңіп, өткен мен бүгінгінің сабақтастығы арқылы қазақтың нағыз болмысы ашылған. Сондай-ақ бейнебаянға Әmrе, Мәди Сыздықов, Қарақат Башанова, Ayree және Ержан Максим сынды жарық жұлдыздар түсті.
Қарақат Башанова, жас әнші:
- Роза Рымбаева апайымызбен бірге бір бейнебаянға түсу – мен үшін үлкен мәртебе. Осы түсірілімдерден қалатын естеліктерім өмірімдегі жарқын естеліктердің бірі деп ойлаймын.
Наурыз мейрамына арналған музыкалық туынды көпшіліктің көңілінен шығатыны сөзсіз. Бейнебаян тұсаукесері наурыз айына жоспарланып отыр. Алдағы уақытта оны «Хабар» Агенттігінің арналарынан тамашалай аласыздар.
Авторлары: Дана Алиева, Болотбек Табалдиев