Хабар телеарнасы

Кадр сыртындағы қарбалас: жаңалықтар бөлімінің қызметі жайлы

Ал оның сыртында журналисттің камера алдында күмілжіп, мәтінін сан рет қайталап оқығаны бар. Жүргізушінің түсірілімге жеткізіп салатыны бар, оператордың «сөйлейтінֿ» кадрларды түсіретіні бар, асыққан видеоинженер мен зыр қаққан режиссердың қаншама еңбегі жатыр.

Жандос Битабаров, «Хабар» арнасының операторы:

- Камера деген қымбат тұрады, шамамен 20 млн теңгедей. Бір жері бұзылса, басымызбен жауап береміз. Жұмыс істерден бұрын қосып, тексеріп аламыз. Камераның салмағы штативпен бірге 15 кг-дай болады. Оператор күннің суығы мен жылысына қарамай, кез келген уақытта жұмысқа дайын болуы керек. Бізге түсіріңдер дейді, болды. Біз өзіміздің жұмысымызды істеуіміз керек.

Операторға қырағылықпен қатар, қара күш те керек. Операторлық қызметте 15 жылға жуық екбеніп келе жатқан Жандос Битабаров қазір Президенттің пулында.

Жаңалық, сюжет, бағдарлама, теледидардан көретін барлық дүние – осы телеоператорлардың тұнған еңбегі. Расында, әдемі, мағыналы бейнекадрсыз жөнді материал шықпайды.

Эфирде жарқ етіп шығатын репортажға көлік жүргізушілерінің де қосар үлесі бар. Оқиға орнына елден бұрын жеткізетін осы кісілер.

Арнада «Үйлестіруші» деген қызметкердің де жүгі ауыр. Оператор мен көлік керек болса, осы маман тауып береді. Жаңалықтар қызметінде істейтін Феруза Марксованың телефонына тыным жоқ.

Феруза Марксова, «Хабар» арнасының үйлестірушісі:

- Бір күні әртүрлі съемка шығып қалуы мүмкін, бүгін бізде үш түрлі съемка шықты: қаланың сыртына, Макинскіге және Қосшыға. Түсірілім жасайтын тек жаңалықтар бөлімі емес қой, одан бөлек «El arna», «Qazaq TV» арналары бар. Олар кейде операторды бір күн бойы алып кетуі мүмкін, сондай кездерде журналистерге оператор жетпей жатады.

Телеарна тілшісінің бір түсірілімге бір күнін арнайтыны рас. Сұхбат алатын адаммен келісіп беруге продюсерлер қол ұшын береді. Ал статистиканы әрлеп көрсетуде дизайнерлердің рөлі бөлек.

Ақерке Құралсын, «Хабар» арнасының дизайнері:

- Әрине стресс болады. Кейде 10-15 минутта, жарты сағатта шұғыл ақпаратты беруімізге тура келеді. Барынша режиссерлармен редакторлармен бірлесіп жұмыс істейміз.

Бейнеқор бөлімі де үздіксіз жұмыс істейді. Ал видео инженер болса жаңа түсірілігенімен де, ескі бейнемен де жұмыс істейді. Монтаж жасаушылар оның ең тұщымды деген жерін қиып алып, ықшамдап береді.

Айдос Ентебеков, «Хабар» арнасының монтаж инженері:

- Бір жаңалық үшін бүкіл команда еңбек етеді. Сен мына жерде 15 минутта үлгермей жатсаң, жұмысыңды атқармаған сияқты жаман сезімде боласың. Егер соның бәрін үлгеріп істеп шықсаң, ол эфирден өтіп жатса, бүкіл команданың жұмысы зая кетпеді деген сөз. «Эфирге шықты ғой» деген қуаныш сезімі пайда болады. Ол, былайша айтқанда, адреналин.-

Осыдан келіп, телеарна жұмысы командалық екеніне көзіңіз жетеді әрі бұл топтың әр бөлшегі адреналинмен жұмыс істейді. Режиссерлар үшін әр күнгі жарты сағаттық эфир емтиханнан кем емес.

Самал Кәдірімбекқызы, «Хабар» арнасында режиссердің ассистенті:

- Бір батырма дұрыс басылмай қалса, эфирге басқаша кетеді. Кейде материалдар кеш түсіп жатады. Біз тексеріп үлгермейміз. Эфирге бірден беріп, жанымызды шүберекке түйіп отыратын кездер болады. Кейде күліп те, жылап та аламыз. Эфир біткен соң режиссерден сөз еститін кездер де болады.

Бұдан бөлек дыбыс режиссері, дикторлардың сөзіне жауапты суфлер қызметі, сұқбат бергендердің аты-жөнін беретін титр мамандары дейтін қызметкерлер де кадр сыртында істейді. Студиядағы қаптаған техниканың тілін тауып, эфирді қалтқысыз атқарып шығаратын осы жандар.

Авторы: Индира Жылқайдарова