«Хабар» арнасы жаңа маусымда жаңа жобалар ұсынады
«Хабар» телеарнасы 6 қыркүйектен бастап халықтың сүйікті жобасына айналып кеткен «Келінжан» телехикаясының үшінші бөлімін көрсете бастайды.
«XXI ғасыр көшбасшысы» атты білімділер бәйгесі де арнамыздың эфиріне қайта оралды. Бүкіл ел бойынша іріктеп алынған 144 қатысушы жыл бойына білім-біліктілігін сынамақ.
Патша көңілді көрерменнің ықыласынан шыға білген «Келінжан» хикаясының үшінші бөлімі дайын. Аталған сериалдың 1-бөлімі бір апта ішінде Youtube желісінде 1 000 000 қаралым жинап, рекорд орнатты. Қазір екі маусымын 43 млн-нан астам адам қараған.
Телехикаяның ерекшелігі – отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы шынайы суреттеледі. Халықтың сұранысына қарай, енді «Келінжанның» үшінші бөлімі 6 қыркүйектен бастап кешкі 21:30-да «Хабар» арнасынан көрсетіле бастайды. Телехикая 15 бөлімнен тұрады.
Гүлнұр Мамасарипова, фильмнің бас продюсері:
- Екінші маусым өте жақсы қабылданды. Қазір сценарийдің қандай болатынын біліп тұрмын ғой, өзіме үшінші маусым одан да қызық болатын сияқты. Енді сол режиссер, сол актерлар, сол сценарист, сондықтан да көрерменді жалықтырып алмас үшін бар күшімізді саламыз.
Жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, білімді жас – ел болашағы. «Хабар» арнасы жаңа маусымда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты зияткерлік ойын телевизиялық жобасын көрерменге ұсынбақ. 45 минуттық бағдарламада 10-11 сынып оқушылары білімдерін сынайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен кастинг, әлеуметтік желі арқылы 144 қатысушы іріктеліп алынды.
Назым Күйімжай, Ақтөбе қалалық №32 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Бұл жоба білімділердің жарысы деп айтуға болады. Мен бұл жерде жаңа қырынан танылдым, өзімнің сөздік қорымды кеңейту арқылы осы жарыста жаңа достар таптым. Біз білмейтін әлемнің сырлары өте көп, сондықтан білмеген сырларымды осы жарыстан біліп, жаңа мәліметтермен сусындадым.
Жоба 4 айналымнан тұрады. Соңғы жылдық қорытынды ойынның жеңімпазына Назарбаев Университетінде оқу гранты және 1 млн теңге қаржылай сыйлық беріледі. Жаңа маусымда «Хабар» Агенттігінің журналисттік зерттеулер бөлімі ең өткір мәселелерді көтеріп, халықтың мазасын кетіріп, әділетсіздікке ұрындырған проблемаларды қазбалап, ақиқатына жететін болады.
Ашылғанына бір жылдан асқан жаңа бөлім 40 документалдық фильм түсіріп үлгерді. Әлеуметтік желідегі рейтингі жоғары.
Айгүл Әділова, Журналистік зерттеулер бөлімі жобасының жетекшісі:
- Біз проблеманы атап көрсетумен шектелмейміз, біз әбден тамыры тереңге кеткен, жүйеленіп кеткен мәселелерді зерттейміз. Яғни еліміздің дамуын тежеп тұрған, қоғам кеселі деуге келетін кем-кетікті ашық айтамыз. Біздің редакцияға әділетсіз шешіммен бетпе-бет келген кез келген азамат хабарласып шағымын жеткізе алады.
«Хабар» телеарнасы көрерменге әлеуметтік отбасылық қызықты «Әке бақыты» бағдарламасын ұсынуға әзір. Бұл жобада Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серік, Данияр Елеусін секілді елге танымал жұлдыздардың балаларымен уақыт өткізу, тәрбиелеу процесі көрсетілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова