«Хабар» телеарнасы қыркүйектен бастап өзгеше форматта хабар таратуға кіріседі
Осылайша еліміздегі ірі медиа құрылым мән-мазмұнын толық өзгертпек.
Жаңа маусымда талғамы биік көрерменнің көңілінен шығатын тың жобалар жетерлік. Соның бір парасы халықтың әлеуметтік жағдайын сөз етіп, шешімін таппай жүрген мәселелерді қаузайтын болады.
Бұл «Хабар» бұрынғы «Хабардан» өзгерек. Арнада жаңа леп, жаңа тыныс. Жаңалықтар да жаңаша. Ақпарат қысқа-нұсқа беріліп, «Біздің мақсат» ток-шоуымен жалғасады. Саяси-қоғамдық пікірталас алаңы шынайы ақпараттың шырайын арттыра түспек.
Берік Уәли, «Хабар Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
-«Хабар» агенттігі жаңа телемаусымда 30 жобамен халыққа өзінің бағдарламаларын ұсынғалы отыр. Жарты сағаттық жаңалықтар болмайды бұдан былай. 5 қыркүйектен бастап біз қысқаша 10 минуттық синхрондармен шектелеміз де артынан сол күні болатын негізгі басты оқиғаны 50 минут бойы талқылайтын болады.
Ал, кей бағдарламалар өзінің байырғы атауын өзгертіп, жаңа форматта эфирге шығады.
Мадина Бүркітбаева, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар өндірісі бөлімінің басшысы:
-Бұрынғы «Біздің назарда» деген бағдарламамызды жаңартып, оны енді «Бізге хабарласқан» деген атпен шыққалы жатыр. Жаңа аты көбірек мүмкіншілік береді. Оның тақырыптары кеңейеді.
Ресми деректер елімізде 1 миллионнан астам әлеуметтік жағдайы төмен жандар бар екенін айтады. Осындай азаматтарға медициналық, әлеуметтік көмек көрсетуді мақсат тұтқан «Шаңыраққа көмек» жобасы мұқтаж жандармен тікелей кездеспек. Әлеуметтік ток-шоу 11 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартады.
Айгүл Мүкей, тележүргізуші:
-Хабар арнасына ұсынғанмын, осы идеяны. Алдын ала жазып аламыз. Өйткені бірден, бір күннің ішінде шешілмейтін мәселелер. Инвалидностьті берген, пособие алып жүрген сол процесті көрсету керекпіз.
Жаңа телемаусымда арнамыздан тағы бір тың жоба жарыққа шығады. «Бақыттың кілті» бағдарламасы қарапайым шопаннан конструкторға дейінгі, етікшіден ұшқышқа дейінгі кейіпкерлерді көрсетеді. Олар бақыттың кілтін еңбектен тапқан бақытты жандар.
Дәурен Құдайберген, продюсер:
-Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева сияқты аға-апайларымыз көп насихатталатын сол уақыттарда. Ересектерді айтпағанда мектеп оқушыларының өзі сол еңбек адамдарының есімдерін жатқа білетін. Нағыз еңбекте жүрген, нағыз өз маңдай терімен бала-шағасын адал тәрбиелеп жүрген адамдарды насихаттауды мақсат етіп қойып отырмыз. Бұрын экранға шықпаған, телевидениеде сөйлемеген адамдарды сөйлетеміз.
Тұсауы кесілер жаңа жобаның бірі – «Кривошеевпен сұхбат» деп аталады. Бұл бағдарлама халық пен билік арасындағы алтын көпір болмақ. Сондай-ақ жаңа маусымда жаңа жүргізушілермен де таныса аласыз. Денис Кривошеев, Айгүл Мүкей, Мақсат Толықбай, Болат Көкенайұлы сияқты танымал журналистер енді арнамызға жаң леп бермек.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Дархан Күнтуов