«Хабар» агенттігі мен Қырғызстанның ҰТРК іскерлік байланысты кеңейтеді
«Хабар» Агенттігі» АҚ мен Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадио корпорациясы (ҰТРК) іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қоюға ниетті.
Бұл туралы «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Данияр Меңілбековтің ҰТРК Бас директоры Болотбек Тиллебаевпен кездесуі барысында белгілі болды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Соның ішінде тәжірибе алмасу мен алдағы уақытта атқарылар жоспарлар жөнінде кеңесті.
ҰТРК Бас директоры Болотбек Тиллебаев «Хабар» агенттігінің түрлі жанрдағы телехикаялары қырғыз аудиториясының қызығушылығын тудыратынын айтып, телеөніммен алмасуға мүделілік танытты.
Кездесуде тәжірибе алмасу бағыты айқындалды. Атап айтқанда «Хабар» агенттігінің телебағдарламалардың графикалық дизайнын жасаудың, режиссураның, бағдарламаларды дайындаудың техникалық процестері қалай атқарылатынын зерделеу үшін Астанаға ҰТРК қызметкерлерін жіберу мәселесі бойынша келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша өзара тығыз байланыс орнатып, тиімді қарым-қатынасты дамыту мақсатында тараптар Ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға ниет білдірді.