«Хабар» Агенттігі мен Ұлттық ғылым академиясы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күнсұлу Закарья бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, ғылым, білім беру және ғылыми контентті әзірлеудегі ынтымақтастықты дамыту, аудитория арасында ғылыми зерттеулерді танымал ету мәселелерін талқылады.
«Ұлттық хабар таратушы, 3 бірдей республикалық телеарнаның басын біріктіріп отырған еліміздің ең ірі медиахолдингінің бірі ретінде «Хабар» агенттігі ғылым саласын, онда атқарылып жатқан жүйелі, күрделі жұмыстарды көпшілікке жариялап көрсетуге, қолдауға қашанда дайын. Тиісінше, Агенттік пен Ұлттық ғылым академиясының өзара тығыз серіктестігі барлық тарапқа тиімді, пайдалы болары сөзсіз», - деді «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Берік Уәли
Меморандум бойынша, тараптар ғылыми контентті ілгерілету және халық арасында ғылыми қызметке оң көзқарасты қалыптастыру, жаңа ғылыми-танымдық бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу, ғылыми жетістіктерді, ғалымдардың еңбектерін, ғылыми нәтижелердің қоғам проблемаларын шешу және халықтың өмірін жақсарту үшін қолданылуына жол ашу, ғалымдарға көрермендермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін диалог алаңын құру мәселелерін бірлесіп іске асырады.