Cover show сахнасында жаңа маусымның түсірілімі басталды
Орта буынға кеңінен танымал әншілер жастар арасындағы хит әндерді орындаса, жас әншілер бұрыңғы әндерді мақамына келтіруде.
Әсел Токонова, жоба продюсері:
- Біз көптің көңілін тапқан жобаның қыркүйекте эфирге шығатын үшінші маусымын түсіріп жатырмыз. Жобада танымал және өнер саласына енді келген әншілер қатысып жатыр. Кавер шоу осы арқылы өзгеше. Әлеуметтік желі арқылы танымал болған жас әншілер үлкен сахнада бақ сынайды.
Cover show сахнасындағы әндер жанды дауыста орындалады. Жобаның шымылдығын ашатын «Қоңыр» тобы екі ән дайындаған. Оның бірі – Нұрлан Өнербаев орындайтын «Ай да, күн де» әні болса, екіншісі Жәудір Артықбаевның әні мен сөзіне жазылған «Анаға хат» әні.
Жазира Қошанова, «Қоңыр» тобының мүшесі:
- 15 күннің ішінде екі әнге де аранжировканы да жасап, партия дейміз ғой оны әншілер түсінетін шығар, біз 3 адам болғаннан кейін 3 адамға бөлінеді ғой дауыс. Сондықтан сол 3 адамның дауысын, партиясын да бөліп, күн демей түн демей дауысымызды жазып, 15 күннің ішінде осы екі әнді толығымен бітіріп шықтық.
Үшінші маусымның 16 бөлімінде 64 әнші өнер көрсетеді. Бұл жолы топтар мен ансамбльдер де қатысады. Әншіге емес, әнге дауыс беретін жоба қыркүйектен бастап «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов