Хабар телеарнасы

Қаракесектен «МузАртқа» дейін: арасында тек музыка, тек жүрекке жететін әндер

Қаракесектен «МузАртқа» дейін: арасында тек музыка, тек жүрекке жететін әндер

Қала күніне орай 16 қыркүйек күні Алматыда еліміздің үздік әртістерінің қатысуымен «Almaty Cover Show» атты ауқымды кеші өтеді.  Сахна тізгінін ұстайтын Тұрсынбек Қабатов көрермен көптен күткен мерекелік шоуды күндіз бастап, түнгі он бірге дейін жүргізбек.

Жеті сағат болатын ең жарқын кеште көрерменнің көңілін жаулап үлгерген трендтегі жас әншілермен қатар, стадиондар мен үлкен концерттерде көрермен жинап жүрген хэдлайнерлер де өнер көрсетеді. Бір сахнада бас қоса бермейтін жаңа толқын өкілдері мен  аға буын әншілері осы кеште бірге ән шырқайды, шоу көрсетеді, би билейді. Бұл жобаның бірінші ерекшелігі.

Line up-та жастардан «Музарттың» «Күзгі бақ» әніне таңқалдырар кавер жасаған Kyle Rukh, жақында ғана «Жынды көбелек» әнімен трендтен бірақ шыққан KOBA&MANS, youtube желісінде көрсетілімі 85 миллионнан асқан «Қызыл раушан» әнінің орындаушысы Ұланғасыр Қами да бар. Онымен қоса осыдан бірнеше ай бұрын  «Саған ешкім тең келмейді» және «4 you» әндерімен чарттардың биігіне шыққан Айбек Серікханов пен Ниязқұл да өз әндерін қалың көрерменге ұсынады. Музыка эксперттерінің айтуы бойынша, қазіргі қазақ музыкасы қарқынды дамып келеді. Талантты жастардың көптігі мен жаңашыл есімдері таң қалдырады. Солардың қатарынан «Almaty cover show-ға» қатысатын, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік орындау мәнері қалыптасқан бірегей  жанр орындаушылары АRO (альтернативті поп) мен Қанайдың алатын орындары ерекше. Ал «Қураған гүл», «Әппағым» әндерімен үні миллиондаған қазақстандықтардың жүрегіне жеткен «жүрек» әнші Қаракесек өзінің хит әндерімен қоса, «Сүйікті етші» (М. Бесбаев пен Қ. Үмбетов) әніне жасаған каверін үлкен сахнада алғаш рет орындамақ.

Заман тынысы, көрермен талабы, жаңа толқын ритмі отандық эстрада репертуарына да өзгертулер енгізді. Танымал әншілердің жасаған эксперименттері де көрермен көңілінен өз орнын тауып келеді.  Кез-келген өзгерістердің көшін бастап тұратын Айқын - кеш хэдлайнері. Оның Аргонямен жасаған коллабтары 100% хит. Бұл кеште «Сover show» бағдарламасының аясында пайда болып, жаңаша форматта көрерменге таралып үлгерген әндер де орындалады. Раймның поп-музыка жанрындағы «Oh my love» әнін қазақша эстарадаға бейімдеген Кенжебек Жанәбілов, хит болған «Ұйқым келмейді» әнін қалай орындау керектігін көрсеткен Диана Исмаил, «зымырандатқан» Зарина Омарова, Қайрат Нұртастың әніне жаңа өмір сыйлаған Заттыбек Көпбосынұлы, ендігі ұмыт бола бастаған әндерді өңдеп, өз репертуарына қосқан Данияр Өтеген өз көрерменімен қауышады. Эфирге әлі шығып үлгермеген,  «Сover show»-дың сарапшылары мен залдағы көрерменді таң қалдырған майталман әнші Сәкен Майғазиев тіпті жаңа қырынан танылып, алғаш рет халық күтпеген форматта қойылым көрсетеді.  Бұл кештің тағы бір ерекшелігі.  Кавер әндер кешінде Сәкен мен Кенжебек жеке өнер көрсетуден бөлек, оларға Мейрамбек Бесбаев қосылып, барлық уақытта да өзекті, әр заман көрерменінің жүрегіне жететін, елдің сүйікті әндерін орындайтын әйгілі «МузАрт» болып хит әндерін көрерменге сыйлайды.

«Almaty cover show» көрермен мен музыканттардың көптен күткен мерекесі. Өйткені, бұл - жаңа есімдердің пайда болуы, ескі әндердің жаңаруы, ұмытылған хиттарды қайта еске алу, ностальгия сезімі мен жаңашылдық қатар жүретін жоба. Аға буын мен жаңа толқынның арасындағы алтын көпір іспеттес. Бұл күні музыкадағы екі жарқын  буын өкілдері  сахнада бірін бірі алмастырып тұрады. Олардың бағыты әртүрлі болғанмен, мақсаты бір – қазақ музыкасын дамыту  болса, тыңдаушысы да бір, ол – қазақстандықтар, сіз бен біз.

Музыкаға толы, көңілді, ерекше алматылық «вайбы» бар кешке барлық алматылықтарды және қала қонақтарын шақырамыз. Әсем қала Алматымыздың күніне орай Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырылған бұл шара – осы күздің ең жарқын кеші болмақ. Кеш барысында жұлдыздар қызыл кілеммен жүріп өтеді, оларға «Сover show» бағдарламасының премиясы табысталады.

Өтетін жері:

Алматы қаласы, Төле би – Абылай хан көшелерінің қиылысындағы Астана алаңы

Уақыты:

15:00 - 23:00