Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі Astana Media Week 2023 медиа апталығына қатысып жатыр

«Хабар» Агенттігі Astana Media Week 2023 медиа апталығына қатысып жатыр

Astana Media Week 2023 медиа апталығы басталды. Ауқымды іс-шараға медиа индустрияның отандық және халықаралық сарапшылары қатысуда.

Биыл жетінші рет өткізіліп жатқан медиа апталықтың тақырыбы – «MEDIA POWER: тенденциялар, өзгерістер, этика». Талқылаулар жаңа медианың еркіндігіндегі тепе-теңдікті іздеуге, ақпараттық кеңістіктегі этика мен жауапкершілікке, жалған ақпаратқа қарсы тұруға арналады.

 

«Қазіргі телевизияның цифрлық контурындағы жарнама» панельдік сессиясында «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы міндетін атқарушы Кемелбек Ойшыбаев модератор болды. Сессия барысында Nickelodeon, Paramount сияқты ірі компанияларда ұзақ уақыт қызмет еткен Мария Косарева, «Центрально-Азиатская Рекламная Ассоциация» директоры Анна Тютькова сияқты отандық және шетелдік сарапшылармен бірге саладағы жарнамаға қатысты көптеген өзекті сұрақтарға жауап ізделді.

 

Ал «Медиа трансформация» тақырыбына арналған панельдік сессияға «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова қатысты. Аталған бөлімде ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі уақытта дәстүрлі БАҚ-қа қандай жаңа бағыттар қажет екендігі туралы ой-пікірлер айтылды.

Astana Media Week 2023 медиа апталығының алғашқы күнінде республикалық және өңірлік телеарналар мен продакшн-компаниялар қатысатын контент-маркет көрмесі ашылды. Іс-шара аясында «Хабар» агенттігінің серіктестері – «Rauan Media», «Media Professional», «АРША», «Мирас» сияқты продакшн-компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.

Сонымен қатар медиа апталық аясында телеөнімдер жасаушыларға өз жаңалықтарын таныстыруға мүмкіндік беретін питчингтер өтіп, іс-шара баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтайтын «Үркер 2023» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттаумен қорытындыланады.