Хабар телеарнасы

Ұлыстың ұлы күнін «Хабар» телеарнасымен бірге қарсы алыңыздар!

Ұлыстың ұлы күнін «Хабар» телеарнасымен бірге қарсы алыңыздар!

Биыл «Хабар» телеарнасы Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтеді. Телеарнаның мерекелік кестесі тың жобалар мен тұсаукесерлерге толы.

21-наурыз күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде сағат 11:00-ден бастап 16:00-ге дейін «Наурыз LIVE» телемарафоны көрсетіледі. Алматыдағы алаңнан тікелей эфир барысында көрермендерге Наурыз мейрамының ажарын келтіретін, рухани құндылығы зор жаңа дүниелер ұсынылады. Жоба барысында еліміздің түкпір-түкпірінен тікелей қосылулар ұйымдастырылады. Мерекелік телемарафонның басты мақсаты - Наурыздың жалпыұлттық сипатын таныту. Оған танымал әртістер, ұлттық өнер шеберлері, қоғам қайраткерлері қатысады.

Көктемнің басты мерекесіне орай «Келінжаннан ұят болмасын!» музыкалық жобасы көрерменге жол тартады. Бұл – 2000 жылдардың басында «Хабарда» эфирге шыққан «Ұят болмасын» бағдарламасы мен одан жиырма жылдан соң қалың көпшіліктің зор ықыласына бөленген «Келінжан» сериалының ерекше коллаборациясы.

Мерекелік жобаға «Ұят болмасын» жобасының актерлері Бекжан Тұрыс, Мағжан Тұрыс, Жалғас Толғанбай, Айгүл Иманбаева, «Келінжанның» жарық жұлдыздары Назар Шархан, Нұргүл Мыңғатова қатысады.

Жобаға белгілі әншілер, өнер және спорт қайраткерлері үн қосады. «Келінжаннан ұят болмасын» музыкалық бағдарламасы 22-наурыз күні сағат 20:30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Наурыз мерекесінде кішкентай көрермендер де назардан тыс қалмайды. 21-наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Балашка» кинокомедиясы көрсетіледі. «Балашка» – нағыз отбасылық кино. Балалар мен ата-аналар бірге отырып, емін-еркін көретін тың дүние. Жаңа туынды ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп, балаларды ізгілікке, адамгершілікке баулиды. «Хабар» Агенттігінің ақпараттық қолдауымен көрерменге жол тартатын бұл картина отандық кинематографиядағы кенжелеп қалған балалар киносын дамытуға үлес қоспақ.

Сондай-ақ мереке күндері «Өз елім менің», «Наурыз-думан» концеттері, «Бес жұлдыз» мега жобасы, «Қызық таймс» ойын-сауық бағдарламасы, деректі фильмдер мен сериалдар топтамасы, телеарнаның арнайы шығарылымдары ұсынылады.