Коронавирус әлемнің 40-қа жуық еліне жетті
Осы дертпен әлем қалай күресіп жатыр? Біздің елімізбен іргелес жатқан мемлекеттер мен кесел ошағы саналатын Қытайда жағдай қандай?
Ресейде 3 адамнан коронавирус анықталды
Diamond Princess лайнерінде болған ресейлік үш азаматтан коронавирус анықталды. Қазір олар Қазан қаласында емделіп жатыр. Сонымен қатар аталған кемеде болған тағы 5 адам оқшауланды. Бұған дейін көрші елде коронавирус 3 адамнан табылған. Барлығы емделіп, ауруханадан шығарылды.
Айта кетейік, қаңтардан бері Ресей Қытай және Моңғолиямен арадағы шекарасын жапты. Ал өткен аптада көрші ел сақтық шараларын күшейтіп, Қытай азаматтарына виза беруді де шектеді.
Грузияда коронавирусты бір адам жұқтырған
Коронавирус Грузияда да анықталды. COVID-19 вирусы Иранға барып қайтқан 50 жастағы азаматтан табылған. Оның дертке шалдыққаны Әзербайжанмен шекарада, ел аумағына кірмей жатып белгілі болған. Науқаспен байланыста болған адамдардың барлығы тексеріліп жатыр. Осы оқиғаға байланысты Әзербайжанмен шекара жабылып, індеттің таралуына қарсы шаралар қолға алынды.
Сауд Арабиясында кіші қажылық уақытша тоқтатылды
Сауд Арабиясы Умра қажылығын уақытша тоқтатты. Мұны осы елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы табылған елдердің азаматтары енді бұл елге турист ретінде де кіре алмайды. Сауд Арабиясында әзірге вирусты жұқтырғандар анықталған жоқ. Алайда Таяу Шығыс елдерінде емі жоқ дертке 200-дан астам адам шалдыққан. Иранда 245 адам науқастанып, 26-сы көз жұмды.
Түркияда сақтық шаралары күшейтілді
Күллі әлемді алаңдатқан коронавирус Түркияға да қауіп төндіріп тұр. Өйткені оны жұқтырғандар бұл мемлекеттің екі бірдей көршісі Иран мен Иракта да бар. Осы ретте ел үкіметі Иранмен барлық сапарын тоқтатып, азаматтарын эвакуациялауға көшті. Транзиттік әуежайларда арнайы топ құрылып, жолаушылар тәулік бойы тексеріліп жатыр.
Оңтүстік Кореяда 13 адам көз жұмды
Оңтүстік Кореяда дертке шалдыққандардың саны 1 766-ға жетті. Індеттен 13 адам көз жұмған. Дені – Солтүстік Кёнсан мен Тегу қаласының тұрғындары. Айта кетері, қазір Оңтүстік Кореядан кетіп жатқан қазақстандықтардың саны артқан. Олардың арасында еңбек мигранттары бар. Өйткені көптеген зауыт коронавирус кесірінен жұмысын тоқтатқан. Студенттер де елге қайтуда.