Бүгін Астанаға америкалық отбасы асырап алған 3 қазақ қызы мен оларды өсірген анасы келді. 5 қазақ қызынан 15 немере сүйіп отырған Шэрон өзін «асыл әжемін» дейді. Алайда бұл жалғыз оқиға емес. Тәуелсіздік жылдары шетел асып, хабарсыз кеткен қанша баланың тағдыры беймәлім? Бұған қатысты депутаттар қандай мәселе көтерді?
АҚШ-тан келген Сүйкімді 20 жыл өткен соң әпкесімен кездесті. Ұзақ жылдар бойы күткен сағыныш пен шексіз мейірімді түсіндіруге тіл кедергі болмады. Себебі Сүйкімді 4 жасында балалар үйіне жіберіліп, 5 жылдан соң америкалық отбасы асырап алған.
Сүйкімді Коллинс, шетелдіктер асырап алған қазақ қызы:
-Мен қатты толқып тұрмын. Әпкемді көргеніме өте қуаныштымын. Мұндай мүмкіндік бергеніне ризамын. Қазақстанның менің елім екенін біліп өстім. Сан-Диего, Калифорниядағы дүкендерде бауырсақтар мен есімде қалған қазақ тағамдарын көргенде, мен сол туралы толық ақпаратты интернеттен іздейтін едім. Менің еліме, бауырыма деген махаббатымды сөзбен айтып жеткізу қиын.
Қазақ қызы гимнастикадан 6 рет әлем чемпионатына қатысып, Америка туын биікке көтерген спортшының жетістіктері мақтан тұтарлық. 2005 жылы Зарина, Индира, Эльвира, Сүйкімді және Найляны бауырына басқан Шэрон қазір 17 немере сүйіп отырған әже. Оның 15-і қазақ қыздарының өмірге әкелген ұрпағы. Осы сапарында Шэрон үш қызын туған еліне алып келді.
Шэрон Коллинс, қазақ қыздарын бауырына басқан шетел азаматы:
-Бастапқыда телеарналардан 3 қазақ қызын асырап алатын отбасы іздеп жатқанын айтқан болатын. Себебі бірінші өтініш берген отбасы бір себептермен бас тартыпты. Мен баланың сөзін телеарнадан естігенде жүрегім жібіп, жолдасыммен үлкен шешім қабылдадық. Құжаттарында қиындықтар болған соң, Қазақстанға келгенде әртүрлі отбасының екі қызы мейіріммен бізді құшақтап қарсы алды. Сол сәтте біз 5 балаға ата-ана бола аламыз деп шешім қабылдадық. Өкінген емеспіз. Осы балаларымды көлік жүргізіп, адал еңбекпен асырап, мейірім төгіп өсірдік. 40-тан асқанда әже атандым.
4 жыл бұрын Калифорниядағы 25 қазақ баласын АҚШ-қа студент болып барған әріптесіміз Гүлмира Дайрабай іздеп тапты. Ол балалардың тұрмысын біліп, өздерінің туған елі мен жері туралы ақпараттармен бөлісіп, дүйім жұртқа таныстырды.
Гүлмира Дайрабай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
-Ол жерде қандай мақсат болды? Ол балалардың өмірі қалай болды екен? Арада 20 жыл өтті. Жақсы ма екен? Мен ойлаймын бұл енді үлкен жеңіс. Кетіп қалған балалардың еліне келіп, 20 жылдан кейін жетімдер үйіне баруына немесе туысқандарымен кездесуінің өзі, яғни мынау түптегі тамырдың белгісі деп ойлаймын. Соған кішкентайда септігім тигеніне қуаныштымын.
Ұлт үшін қызмет етіп жүрген қазақ қызы алдағы уақытта шетеласып кеткен біраз балалардың елге оралуына көмектесуге дайын. Бұл бастама тек игі істердің алғашқы қадамы болмақ. Одан бөлек, бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалар туралы кешенді зерттеу жүргізуді ұсынған болатын.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:- 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке орай есеп бермейтіндер де аз емес. Ең сорақысы 1999 жылға дейін қанша баланың шетелге кеткені жайлы мүлдем мәлімет жоқ.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар жоқ. Сонымен қатар АҚШ-тағы 104 және Бельгиядағы 113 баланың тағдыры белгісіз.
Диана Қадыр, Ерзат Зайытхан