Репродуктивті денсаулық апталығы басталды

  • 37
  • 12.05.2025, 18:53

Яғни барлық өңірдің емханалары мен жастар денсаулық орталықтарында ашық есік күндері өтеді. Апталық аясында репродуктивті жастағы тұрғындар гинеколог, уролог, дерматовенеролог, психолог және басқа да мамандардан кеңес ала алады. Мамандардың пікірінше, елімізде 29 мыңға жуық әйел бедеу. Ерлер арасында да бұл мәселе - өзекті.  Ал бала туу көрсеткіші, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 10 мың балаға азайған. «Кәмелетке толмаған жастар арасында жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпалы аурулар саны да көп. Алайда соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы жүктілік, 43 пайызға  азайды», дейді мамандар.  

Шакизат Халықова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:

-Сондай-ақ жасөсіпірімдер арасындағы туу көрсеткіші мен жасанды түсік жасау көрсеткіші де төмендеп отыр. Бұл қуанатын нәрсе. Бірақ сонда да біздің әлі де атқаратын іс-шарамыз көп. Қыз балалардың репродуктивті денсаулығын сақтаудағы ең бірінші, басты мәселеміз - ерте жүктіліктің алдын алу, ерте түсік жасаудың алдын алу. Себебі бұл болашақтағы репродуктивті денсаулығына зиян келтіреді, бедеуліктің  болу қауіпіне алып келеді. Ол өз кезегінде біздің демографиялық ахуалымызға кері әсер етуі мүмкін.