Әлемдегі ахуал: Ресейде науқас қайтыс болды, Қытайда вирус жұқтыру оқиғалары азайды
Дертке шалдыққандар 147-ге жетті.
Қытайда өткен тәулікте COVID-19-ды жұқтырған 34 адам тіркелді. Дені – шетелден келгендер. Бейжіңде кесел 21 адамнан анықталды. Елде вирустың тарауын тежеу шаралары күшінде. Қытайда жағдай тұрақталуда. Хубэй провинциясына өзге өңірлерден келген дәрігерлер кетуде. Басқа өңірлерде оқушылар мектепке оралды. Кей мейрамхана мен туризм нысандары қайта жұмыс істей бастады.
Дегенмен әлемді жұқпалы дерт дендеп барады. Коронавирус АҚШ конгресіне де жетті. Бірден екі депутаттан анықталды. Жұқтырғандар қатарында Британия Парламентінің мүшелері мен Бразилия Сенатының спикері бар. 20-дан аса Иран депутатынан анықталды. Әлемде 214 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. 9 мыңдай науқас көз жұмды.
«Мамандар COVID-19-ға қарсы вакцинаны сынамадан өткізе бастады», – деп мәлімдеді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус. Бірнеше ел вакцина әзірлеумен айналысып жатыр. Бірер күн бұрын АҚШ-та алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцина адамға егілді. Сынақ сәтті аяқталса, вакцина жаппай пайдалануға 1-1,5 жылда беріледі.