ДДСҰ: Коронавирус пандемиясы тез тарап барады
Соңғы ақпарға сай, әлемде COVID-19 жұқтырғандардың саны 300 мыңнан асып, 16 мыңы көз жұмды. 100 мыңнан астам науқас дертінен айықты. Қытайда күн сайын жағдай тұрақталып келеді. Жақын арада Хубэй провинциясында карантин аяқталып, Уханьдағы қоғамдық көлік қайта жолға шығады.
Қытайдың Хубэй провинциясында карантин режимі аяқталады. Ал 8 сәуірден індет ошағы болған Ухань қаласына кіруге рұқсат беріледі. Соңғы бір тәулікте ел аумағында инфекция 78 адамнан анықталды. Дені – шетелден келгендер. Алайда сақтық шаралары әлі де күшінде. Қазір касса мен банкоматтардағы қағаз ақша айналымнан алынып, арнайы сұйықтықпен және ультракүлгін сәулемен тазартылуда. Елдегі қаржы мекемелеріне ескі ақшаны жаңа банкноттарға ауыстыруға кеңес берілген.
Ал Италияда коронавируспен күрес бәсеңдемей тұр. Қазір елдегі аса қажет емес барлық өндіріс орны жабық. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, қоғамдық көлік пен банктер ғана жұмыс істейді. Медициналық құралдар мен бетперде тапшы болғандықтан, өзге елдерден көмек жеткізіліп жатыр.
Екі адамнан артық жиналмау. Той өткізбеу. Азық-түлік дүкеніне тек өте қажет жағдайда бару. Ұлыбританияда карантин енгізілді. Талаптарды орындамағандарға айыппұл салынады. Осы уақытқа дейін елде 6 мыңнан астам адамнан инфекция анықталып, 300-ден астамы көз жұмды.
Өзбекстан астанасына көліктердің кіруіне тыйым салынды. Қалаға осында тіркелген азаматтар ғана кіре алады. Шаһардан шығу да болмайды. Сонымен қатар ел ішіндегі әуе рейстері тоқтатылып, теміржол қатынасы да үзілді.
Коронавирусқа байланысты Үндістан астанасы да жабылды. Қазір қала көшелері жым- жырт. Барлық мекеме қызметін тоқтатты.
Осы күндері эпидемия өршіп тұрған мемлекеттер шұғыл аурухана салып, науқастар қабылдауға дайындалуда. Миланда орталық вокзал маңындағы қонақүй, Мадридтегі үлкен көрме кешені, ал Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы стадион вирусты жұқтырғандарды қабылдайтын орталыққа айналмақ.
Авторы: Меруерт Жақан