Шектеу шаралары жеңілдетілген елдерде вирус жұқтырғандар көбейді
Індетке шалдыққандар мен одан көз жұмғандар көрсеткіші бойынша АҚШ көш бастап тұр. Онда инфекция 1 млн 300 мың адамнан анықталып, 80 мыңға жуығы көз жұмды. Еуропа елдері арасында Испания, Ұлыбритания мен Италияда вирус 200 мыңнан астам адамнан табылды. Көршілес Ресейде де дерт дендеп барады.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, соңғы тәулікте инфекция 80 мыңдай адамнан табылды. Кей мемлекеттерде карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін науқастар саны арта түскен. Дертті жеңген Уханьда да ұзақ уақыттан бері алғаш рет COVID-19 қайта тіркелді.
Қытайда коронавирусты жұқтырғандардың саны артып барады. Соңғы тәулікте инфекция 17 адамнан табылды. Уханьда да бір айдан астам уақыттан кейін вирус қайта анықталды. Жалпы қазір елде «вирус жұқтырды» деген күдікпен 800-дей адам бақылауға алынған. Үкімет тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.
Ми Фэн, ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі:
- Тұрғындар гигиена ережелерін сақтап, сақ болуы тиіс. Топ болып жиналмаған жөн. Эпидемияның таралуына жол бермеу үшін дене қызуы, жөтел және әлсіздік сияқты белгілер байқалса, дереу арнайы емханаларға бару керек.
Ал Сеулде карантин аяқталысымен ашылған түнгі клубтар жабылды. Жергілікті биліктің бұл шешіміне коронавирустың қайта өршуі себеп. Соңғы тәулікте ел астанасында дертке шалдыққандар қайта көбейе түскен. Дені – Итхэвон ауданындағы түнгі клубқа барғандар. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ондаған адам вирусты бір науқастан жұқтырған. Ал онымен қарым-қатынаста болғандар саны 1 мыңнан асады деген болжам бар.
Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:
- Бұл оқиға жағдай бақылауға алынғанымен, індет кез келген уақытта, кез келген жерде қайта өршуі мүмкін екенін аңғартты. Яғни қауіп сейілді деп бейқамдық танытуға болмайды.
Германияда да шектеу шаралары алынғалы бері вирус жұқтырғандар саны артқан. Соңғы бір тәулікте елде 357 адамнан инфекция анықталды. Өткен аптада Германия канцлері Ангела Меркель мен 16 федералды штаттың билігі шектеу шараларын жеңілдету туралы келіскен болатын. Алайда үкімет басшысы індет қайта өршіген аймақтар карантиндік режимге оралатынын айтты.
«Сақ бол!». Бұл – Ұлыбритания Премьер-Министрі Борис Джонсонның жариялаған жаңа ұраны. Халқы енді жаңа тәртіпке де бағынуы тиіс. Елде шеуктеулер жеңілдетілді. Бірақ тұрғындар әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндетті. Аса қажеттілік болмаса, қоғамдық көліктерді пайдаланбаған жөн.
Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:
- Қазір біз локдаунды тоқтата алмаймыз. Оның орнына шектеулерді жеңілдету үшін барынша сақтықпен алғашқы амалдарды жасап жатырмыз. Біз ғалымдардың пікіріне құлақ асып, халықтың денсаулығын жіті қадағалайтын боламыз.
Бүгіннен бастап үйден жұмыс істей алмайтындар кеңселеріне бара алады. Осы аптада далаға шығуға және спортпен айналысуға да рұқсат етіледі. Ал маусым айында мектептер мен дүкендер ашылады. Алайда кей саясаткерлер қазір «Сақ болу» емес, бұрынғы «Үйде отыр» ұраны орынды дегенді алға тартып отыр.
Авторы: Меруерт Жақан