ДДСҰ: Пандемия қаупі сейілген жоқ
Пандемия басталғалы бері 318 мыңнан аса науқас қайтыс болды.
Алда әлі қанша адам зардап шегері белгісіз. Карантин режимі жеңілдетілген кей елдерде індет қайта өршіп барады. Салдарынан ұзақ үзілістен кейін ашылған мекемелер қайта жабылып, сақтық шаралары тағы да күшейтіліп жатыр.
Францияда карантин режимі қайта енгізілуі мүмкін. Алдағы мереке күндері мен жазғы демалыс кезінде індет тағы да өршиді деген қауіп бар. Елде шектеу шаралары жеңілдетілгелі бері 20-дан аса жаңа ауру ошағы тіркеліп, өткен аптада ғана ашылған 50-ден аса мектеп қайта жабылды.
Оңтүстік Кореяда шектеу шаралары мамырдың 6-сынан бастап алына бастаған еді. Араға бірнеше күн салып карантиннен кейін ашылған түнгі клубтар қайта жабылды. Қазір онда болған адамдар іздестіріліп жатыр. Өйткені араларынан бір науқас табылды. Оның 150 адамға инфекцияны жұқтырғаны да мәлім болды. Ал сәуірдің аяғы мен мамырдың басында Сеулдегі осы түнгі клубтарға 5,5 мыңға жуық адам барған. Сол себепті пандемияны жеңген бұл ел де шектеу шараларын қатаңдатуға мәжбүр. Әзірге мектептердің ашылуы тағы бір аптаға шегерілді.
Эндрю Лоринч, мейрамхана менеджері:
- Індет қайта өршігеннен кейін тұрғындар біздің ауданға келмейтін болды. Көріп тұрғаныңыздай, қазір мейрамханалардың көбі жабық. Біз қаланың басқа шетінде орналассақ та, бұл оқиғаның салқыны бізге де тиді.
Ал Иран коронавирустың екінші толқыны алдында тұрғандай. Қалалар арасында жүріп-тұру мен сауда орталықтарының жұмысына шектеуді алып тастаған соң вирусты жұқтырғандар көбейген. Бірер апта бұрын ауруханаларға күніне 500-ден 900 адамға дейін түссе, енді олардың саны 2 мыңға жуықтаған.
Расулен Нури, мұғалім:
- Билік вирустың екінші толқынын болдырмау үшін көп күш салу керек. Мешіттер, мектептер және қоғамдық орындар науқастардың саны аз қалаларда ғана ашылуы керек деп ойлаймын.
Фатиме Заре, дәрігер:
- «Ақ аймақ» деп жарияланған қалаларда қоғамдық орындарды ашу қауіпсіз. Бірақ әлеуметтік арақашықтық пен медициналық талаптар барынша сақталуы тиіс.
ДДСҰ сарапшылары: «Пандемия қауіпі сейілген жоқ», – дейді. «Вирус бізбен ұзақ уақыт болады» деген тұжырым да айтылып жүр. «Сондықтан 4 млн-нан астам адамға жұғып, 300 мың науқастың өмірін жалмаған індеттің қаупін ескермеу ең үлкен олқылық болады», – дейді мамандар.