ДДСҰ: Ресейде шыққан вакцина жайында толық мәлімет жоқ
Ұйымның АҚШ-тағы өкілі Джарбас Барбосаның айтынша, вакцина дүйім жұртқа қолжетімді болу үшін зерттеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтуі керек.
Джарбас Барбоса, ДДСҰ өкілі:
- Ресейде COVID-19 дертіне қарсы вакцина шықты деген жаңалық бар. Препарат клиникалық сынақтың үш кезеңінен де сәтті өтуі тиіс. Кейін өдіруші дәріні лицензиялау керек. Қазір ДДСҰ жаңа вакцина жайында толық мәлімет алу үшін Ресей мамандарымен тығыз байланыста. Тәртіп бойынша бұл дәрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да тексерісінен өтуі қажет.
Естеріңізге салайық, күні кеше Ресей президенті Владимир Путин үкімет мүшелерімен өткен кездесуде Ресейде коронавирусқа қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаның тіркелгенін жариялады. Сонымен қатар дозаны жаппай шығару жуық арада басталатынын да айтты.