Мысырда туризмнен келетін табыс ковид салдарынан 70% құлдыраған
Туризм де тұралап қалғаны жасырын емес. Мәселен, Мысыр елінде туризмнен келетін табыс ковид салдарынан 70% құлдыраған. Биыл Мысырға саяхат аз-кем жанданды. Әрі жақында Ресеймен әуе рейстерін қайта ашқан Мысыр 1 млн ресейлік туристі қабылдауға дайындалып жатыр. Одан шамамен 6-7 млрд доллар табыс түсуі керек деп есебін де жасап қойған.
Бұл саһара салтын әлі сақтап келе жатқан бәдәуилердің бала-шағасы. Мына шөл далаға ие – көшпелі тұрмыс кешкен малшы арабтар. Мысыр еліне барған саяхатшылар үшін арнайы ұйымдастырылған тур барысында бәдәуилердің қолынан бір кесе шай іштік. Египеттің ен даласын иемденген бәдәуилер үшін пандемия таңсық.
Мохамед Джеми, бәдәуи:
- Менің ата-бабам да бәдәуи болды, мен де көшпенділік салтпен өмір сүріп келемін. «Әлемді коронавирус жайлады» дегенді естігеніміз болмаса, Аллаға шүкір, біздің арамызда ешкім ауырған емес. Біз дәрі-дәрмектің бәрін шөптен өзіміз жасап аламыз.
Мысыр елі Суецк арнасының логистикалық жүйесі есебінен және ауыл шаруашылығы туризмнің арқасында күн көріп отыр. Мұнай өндірісінің көлемі өзге араб елдеріндегідей көп емес. 100 млн-нан артық халқы бар Мысырда қазір 38 мың адам ғана ковидке шалдыққан. Дегенмен, пандемияның кесірінен туризм әлсірегені рас. Мәселен, 2019 жылы Мысырға 13,1 млн саяхатшы келсе, былтыр 3 жарым миллион адам ғана демалып кеткен.
Сайд Мохамед, қонақ үй әкімшісі:
- Әрине, пандемияның туризмге қатты әсер еткенін жасыра алмаймыз. Былтыр тым аз болды. Қазір жағдай әлдеқайда жақсарды. Бірақ COVID-19 болмағанда, біздің қонақ үйде бірден 300-400 адам демалатын. Қазір 100 турист қана бар. Қауіпсіздік шараларын толық сақтап отырмыз.
Эстондық Тенно Реттосеп Мысырға досымен бірге жыл басынан екінші рет келіп отыр. «Ең Әуелі Хургада қаласында, енді міне Шарм-Эль-Шейх қаласында демалып жатырмыз», – дейді.
Тенно Раттасепп, турист:
- Эстонияда коронавирустың салдарынан туризм қатты жапа шекті. Елімізде қатаң шектеулер болғандықтан, бұл сала банкротқа ұшырады. Мейрамханаларға билік қаржы бөліп, көмектесуге тырысқанымен, олардың көбі жабылып қалды. Мысырда қонақ үй аумағында бетперде кию міндетті емес, арақашықтықты сақтауды да қатаң талап етпейді. Тамаша демалыс. 12 күнге келгенбіз. Ал Эстонияда ереже сақталмаса, айыппұл салынады. Енді сәті түссе, Қазақстанға да саяхаттау – арманым.
Туристер үшін бірнеше жағажай ашық. «Бұрын ине шаншар орын болмайтын, қазір адам үш есе азайған», – дейді суда құтқарушылар. Теңіз жағасындағы мейрамханалар пандемияға байланысты жабылған. Тек ашық аспан астындағылары ғана жұмыс істеп тұр. Туристердің бір жерде тапжылмай отырмайтыны түсінікті. Шөл даладағы түрлі түсті шатқалдарды көріп, түйеге мінеді, квадрациклге отырады.
Мысырлықтар жаппай ораза ұстайды. Күнімен ыстықтан қорғанатын олар кешке сауданы жандандырады. Базарда азық-түлік, киім-кешектен бөлек жаратылысы жұмбақ Мысыр перғауындары бейнеленген кәдесыйдан көз сүрінеді. Мешітке мұсылмандар ғана кіреді. Қазір мұнда құлшылық етуге келетіндер көп. Қауіпсіздік шаралары сақталған.
Авторы: Индира Жылқайдарова