Ыстамбұлда «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы басталды
Оған Түркиядағы және Еуропа елдерінен арнайы шақырылған қазақ диаспораларының өкілдері қатысады. Құрылтайдың негізгі шаралары ертең өтеді. Атап айтсақ, Ыстамбұлда белгілі спортшы Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылып, «Алыстағы ағайын» фильмі көрсетіледі. Жылына бір рет өтетін құрылтайдың биылғы тақырыптары өзекті. Елімізде қандастарымызға жасалған мүмкіндіктер мен шетелдегі, оның ішінде Түркиядағы қазақ диаспорасының ахуалы, бүгіні мен болашағы талқыланып, қатысушылар арнайы үндеу жарияламақ. Сонымен қатар «Алтын тамырлы Атажұрт» және жас қандастарымызға арналған «Білім» көрмесі өтеді. Жиын Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің гала-концертімен қорытындыланады.
Әділбек Ыбырайымұлы, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары:
- Құрылтай – жыл сайын өтіп отыратын мемлекеттік шара. Бізде қазақ халқында «бармасаң, келмесең, жат боларсың» дегендей, ағайындардың арасының бір-бірінен алшақ болмауын көздейтін және осы ымырада, ауызбіршілікте сыртта жүрсе де, тарихи отанымен тамыры байланыста екенін көрсетіп, осы гуманитарлық-мәдени шаралар арқылы қарым-қатынасымызды үзбейміз. Негізгі мақсаты да осы.