Қазақстан мен Египет арасындағы әуе қатынасы уақытша тоқтатылды
Бұл шектеу шарасы коронавирустың «Омикрон» жаңа штамы таралуының алдын алу мақсатында енгізілді. Отандастарымыз 10 желтоқсанға дейін әуе компанияларының рейстерімен елге жеткізіледі. Жолаушылар COVID-19-ға қарсы вакциналау құжатының бар-жоғына қарамастан, мерзімі 72 сағаттан аспаған ПТР-сынама анықтамасын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ 7 күнге оқшаулануы керек. Төрткүл дүниеден туристер ағылатын бұл елде қазір барлық әуежай қатаң бақылауға алынып, әскер мен дәрігерлер кезекшілікке кіріскен.
Египет билігі індеттің кезекті толқынына тас-түйін дайын отырғанымен, коронавирустың жаңа түрі тосын жаңалық болды. Ел аумағында «омикрон» штамы анықталғаны туралы хабар тарағаннан кейін, Каирде медицина құрылымдарының басшылары шұғыл мәжіліс өткізді. Денсаулық сақтау министрінің өкімімен санаулы сағатта эпидемиолог-дәрігерлердің мобильді топтары жасақталып, дереу ел экономикасы үшін маңызды барлық стратегиялық нысанда кезекшілікке кірісті. Олардың қатарында әуежайлар, қонақ үйлер мен супермаркеттер бар.
Хаким Мурад, Египет ауруханалары альянсының басшысы:
- Қазір Египетте індеттің төртінші толқыны өршіп тұр. Күн сайын бір мыңдай науқас анықталады. Енді мына жаңа штамм елдегі эпидахуалды одан сайын нашарлатып жіберуі мүмкін. Сондықтан карантиндік топтарды құруға шешім қабылданды. Олардың қатарында білікті дәрігерлерден бөлек, студенттер де бар. Ел бюджетінен 6 миллиондай доллар оларға қосымша жалақы төлеу үшін бөлінді.
Қатаң бақылау шаралары ұзынсонар кезектердің туындауына әкеліп, талай дау туғызды. Әуежайлар лық толы. Ұшақтар сапарына бірнеше сағатқа кешігіп шығып жатыр. Ал әскерилермен бірге кезекшілік етіп жүрген карантиндік топтар туристерді әй-шайға қаратпастан тестілеуге алып кетуі мүмкін.
Хишам Вабхи, Каирдегі жұқпалы аурулар клиникасының бас дәрігері:
- Қонақ үйлердегі адамдар мен бөлмелер ішінара іріктеліп, тексеріледі. Егер бұрын туристер елге келген кезде тестілеуден өтсе, қазір демалыс барысында үш рет тексерілуі мүмкін. Үкіметтің мұндай шараға баруына негіз бар. Өйткені нақты қанша адамның «омикрон» штамын жұқтырғаны белгісіз. Ал туристік маусым қызып тұр, сондықтан қатаң шаралар қабылдау қажет.
Әдетте шипажайлар Жаңа жыл мейрамына үлкен үміт артатын. Каирдегі қонақүйлер қауымдастығының мәліметінше, туристер саны 20% қысқарса, қаладағы мейманханалардың төрттен бірі банкротқа ұшырауы ықтимал. Бұл туризм саласындағы ең үлкен дағдарыс болмақ.
Авторлары: Светлана Брахмит, Әмір Мұрад