Ұлыбритания Ресейдің Украинаға қарсы әскери әрекетіне байланысты қатаң шаралар қабылдамақ
Шектеу шаралары келесі аптада күшіне енуі мүмкін.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- «Аэрофлот» әуе компаниясы Мәскеу-Лондон бағыты бойынша аптасына бірнеше рет ұшатын. Енді бұл рейс тоқтатылады. Компанияға ел аумағының үстімен ұшуға да рұқсат етілмеуі мүмкін. Үкімет басшысы сондай-ақ ресейлік ВТБ банкінің активтерін толығымен тоқтату керектігі туралы мәлімдеді. Банк енді Ұлыбританияның қаржы жүйесінен ажыратылып, фунтпен есеп айырыса алмайды.
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Ұлыбритания Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған өте көлемді және ең қатаң экономикалық санкциялар пакетін жариялайды. Осылайша, біз ресейлік қаржымен күрес жолында жаңа өкілеттіктерге ие боламыз. Бұл өкілеттіктер бізге ресейлік банктерді Ұлыбританияның қаржы жүйесінен толығымен ажыратуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Ресей мен ресейлік компаниялардың Ұлыбританияда қаржыландырылуына тыйым салынады деп мәлімдеді. Нәтижесінде олар өз құнды қағаздарын Лондон қор биржасында орналастыра алмауы мүмкін. Бұдан бөлек, Ресей азаматтары енді Ұлыбританиядағы банктік шоттарына 50 мың фунттан артық сала алмайды.
Росс Дентон, сарапшы:
- Ресейлік ірі банктер Ұлыбритания қаржы жүйесінен шығарылған жағдайда бұл оларға ауыр соққы болады деп ойлаймын. Егер бұл тізімге Еуропалық Одақ, АҚШ, мүмкін Жапония және Австралия қосылса, Ресей қаржы жүйесінің жағдайы қиын болуы мүмкін.
Санкция салдарынан ВТБ акциялары шамамен 40%-ке, «Аэрофлот» акциялары 30%-ке әлсіреді. Халықаралық сарапшылардың кейбірі қазір Ресей экономикасы 2014 жылға қарағанда әлдеқайда тұрақты екендігін және батыс санкцияларына қарсы тұра алатындығын айтады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы