Украина мен Ресей арасында келіссөз жүріп жатыр
Украина тарапы: «Күн тәртібінде тұрған басты мәселе – атысты тоқтату және ел аумағынан ресейлік әскерді шығару», - деп мәлімдеді.
Ресейге қарсы санкция тізімі күннен-күнге кеңейтіліп жатыр. Ұлыбритания Ресейдің Орталық банкі оның активтері мен резервтерін басқаруға қатысты операцияларға тыйым салатынын мәлімдеді. Бұған дейін ЕуроОдақ елдері де Ресей Банкінің активтерін «бұғаттауға» келіскендерін мәлімдеген. Яғни Ресейге рубль бағамын реттеу үшін интервенция жасауға мүмкіндік берілмейді.
Батыс елдері Ресейдің бірнеше банкін халықаралық SWIFT жүйесінен ажыратуға да келісті. Сарапшылар: «Бұл тасымал тізбегінің бұзылуына, тауар тапшылығы мен бағаның өсуіне әкеледі», - дейді. Мұндай шара бұған дейін әлемнің екі елі – Иран мен Солтүстік Кореяға ғана қатысты қолданылған. Сонымен қатар ЕуроОдақ Ресей ұшақтары үшін өзінің әуе кеңістігін жапты.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:
- Біріншіден, біз ЕуроОдақтың әуе кеңістігін жабамыз. Ресейге тиесілі, Ресейде тіркелген және Ресейдің бақылауындағы барлық ұшаққа тыйым салуды ұсынып отырмыз. Бұл ұшақтар енді Еуропалық Одақ аумағына қона алмайды, онда ұша алмайды. Бұл ресейлік заңды немесе жеке тұлға меншігіндегі және жалға алынған кез келген ұшаққа қатысты болмақ. Тізімге олигархтардың жеке ұшақтары да кіреді. Екіншіден, бұрын-соңды болмаған тағы бір қадамға барып отырмыз. Бұдан былай ЕуроОдақта Кремльдің медиа машинасына тыйым салынады.