Қазақстан Түркияға көмек ретінде 1 млн доллар қаржы аударады
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырма берді. Сонымен қатар еліміздің өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Қазақстандықтар да қазір түрік бауырларға жылу жинауға жан-жақты кірісіп кетті. Ал Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 2 мыңнан астам қызметкері бір күндік еңбекақыларын арнайы шотқа аударды. Студенттер де көмектесуге ниет білдіріп отыр. Жалпы Түркия елшілігінен ашылған есепшотқа қазақстандықтар қазірдің өзінде 90 мың доллар жинап үлгерген. Астанадағы елшілікпен қатар Алматы мен Ақтау қаласындағы консулдықтарда да гуманитарлық көмек қабылданады. Айта кетейік, қайырымды жандардың арасында Анадолы еліне қазақтың киіз үйін жібереміз дееп бастама көтеріп жатқандар бар.
Нұрбек Бекбау, журналист:
-Тірі қалған адамдар бала-шағасымен далада отта қолын жылытуға мәжбүр. Бойын жылытуға бір ғимаратқа кірейін десе, көріп жатырсыздар, ғимараттар құлап жатыр. Осы арада бұл құламайды, бұл қирамайды деген психология керек боп тұр да. Ол біздің қазақтың киіз үйі. Сүйегі жеңіл, қирамайды, құламайды. «Түрік ағайындар жалғыз қалған жоқ, атажұрттан көмек келді» дегенде сондай бір мағыналық салмақ арқалайды бұл науқан.