Қазақстандық ТЖ қызметкерлері Түркияда құтқару жұмысын жалғастырып жатыр
Қазақстандық төтенше жағдайлар қызметкерлері Түркияда қирандылар астынан жалпы 7 адамды құтқарып алды. Сондай-ақ осы күндері көз жұмған 14 адамның денесін шығарған. Ресми ақпарат бойынша қазақстандық мамандар төрт учаскеде құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Түркияның Кахраманмараш қаласында із-түзсіз жоғалған бір отандасымызды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ол 6 ақпанынан бері байланысқа шықпаған. Ал қирандылар астынан табылған Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтың денесі ертең елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Жалпы табиғат апаты басталғалы 124 қазақстандық қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оның 58-і елге оралған.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың денелерін Отанға жеткізу үшін барынша көмек көрсетеді. Біздің отандастарымыздың денелері үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Анталья-Алматы тұрақты рейсімен Қазақстанға жеткізіледі деп күтілуде. Барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алады. Жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадиярованың жағдайына келсек, ол қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оған зақымдалған қолына операция жасалды. Денсаулық жағдайы тұрақты.