Қазақ-өзбек шекарасында заңсыз жанар-жағармай тасымалы тоқтамай тұр
Оны жеңіл көлікпен әкетіп жатқандар да бар. Былтырдан бері бір ғана Қазығұрт өткізу пунктінде жүздеген заңбұзушылық тіркелді. Көрші ел азаматтары кеденнен жалпы көлемі 10 мың литрден аса жанармай алып өтпек болған. Шекарадағы ахуал қандай?
Қазақ пен өзбек шекарасында ұзын-саны 11 кеден бекеті бар. Ең ірісі — «Қапланбек» және «Жібек жолы» өткізу пункті. Алғашқысы күрделі жөндеуге байланысты жабық тұр. Келер жылы ашылады. Сондықтан бар ауыртпалық ел аузында «Черняевка» аталып кеткен орынға жүктеліп отыр. Мұндағы жұрт тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр.
Фархад Қалыбеков, Шымкент тұрғыны:
-Кеше түнгі 11-де келдім. Осы уақытқа дейін тұрмыз. Машина деген көп.
Сұннат Нұрбеков, Қырғызстан азаматы:
-Кеше 3-те келгенмін. Содан бері тұрмыз. Еш нәтиже жоқ.
Кеден бекеттерінің жабылуына дейін Жібек жолынан тәулігіне 700-800 көлік өтетін. Қазір көрсеткіш 1200-ге дейін жетіп отыр. Ұзын-сонар кезекке заңсыз жанармай тасымалы да себеп. Өзбекстанда бензин мен дизель қымбат болғандықтан, көрші ел азаматтары шекара асып, Қазақстаннан сұйық отын әкелуді әдетке айналдырған. Өткен жылдың қараша айынан бері шекарада жүздеген дерек тіркелді. Бір ғана Қазығұрт кеден бекетінде 10 мың литр жанармайды заңсыз алып өтпек болғандардың жолы кесілді.
Ғалымжан Қыстаубаев ҚР Мемлекеттік кірістер комитетің өзбекстандағы ресми өкілі:
-Кеден бекеттеріндегі кептелістің негізгі себебі — құрылыстың басталуы. Екінші себеп — туристік маусым, туристер ағынының өсуі және тағы бір себеп — Өзбекстан азаматтарының Қазақстанға жанар-жағармайға шығуы.
Жағдайды реттеу үшін Қазақстанның кеден органдары бақылау-өткізу аймағын кеңейтті. Штаттық бірлікті ұлғайту нәтижесінде көлікті тексеріс уақыты 5 минутқа дейін қысқарды. Кей кеден бекеттерінде жағдай таяу арада қалыпқа келуі мүмкін. Шекарадан дизельді заңсыз алып өтушілердің жолын кесетін арнайы бекеттер құрылды. Әрі жаңғырту жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады деген де жоспар бар. Дегенмен мамандар биылғы туристік маусымда Өзбекстанға көлікпен шығу қиындық тудыратынын айтып отыр.