Өзбекстанда президент сайлауы 9 шілдеде өтеді
Саяси додаға түсетін кандидаттың бірі – қазіргі мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев. Ол либералды демократиялық партия атынан ұсынылды. Тізімде тағы 3 үміткер бар. Бірі заңгер, бірі эколог, енді бірі ағартушы ғалым. Сайлау заңы бойынша 50% көп дауыс жинаған кандидат жеңіске жетеді. Олай болмаған жағдайда доданың екінші кезеңі жарияланады.
Күн шұғылалы Өзбекстан саяси өзгерістер кезеңінде тұр. Алдағы жексенбі, 9 шілдеде көршімізде 7 жыл мерзімге президент сайланады. Орталық сайлау комиссиясы президенттік додаға 2 ай дайындалды. Конституциялық референдумнан кейін электорат назары осы науқанға ауды.
Әрбір кандидат сайлауалды бағдарламасында экология және қоршаған орта мәселелеріне басымдық берді. Бұл жолы бюллетеньде Шавкат Мирзиёевтан бөлек, Ұлықбек Иноятов, Робохон Махмұдова және Әбдішүкір Хамзаев сынды елге белгілі есімдер бар.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
-Барлық кандидаттың бағдарламасында экологияға арналған бөлімдер бар. Ол түсінікті де. Себебі бұл саладағы проблемалар, әсіресе су, жер пайдалануға қатысты түйткілдер әлі де өзекті. Елдің келешегіне орасан зор әсер етеді.
Қазіргі мемлекет басшысы саяси мансабында үшінші рет додаға түсіп отыр. Бұған дейінгі сайлауларда басым дауыс жинап, жеңіске жеткен. Өз бағдарламасында мектептегі орындар санын 2,5 млн арттырып, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді 4 мың долларға жеткізуді уәде етіп отыр. Бұрынғы білім министрі Ұлықбек Иноятов та осыған ұқсас бастама көтерді. Ол мектеп пен балабақшаларды дамыту үшін кәсіпкерлерден 1% салық жинауды көздейді. Экология партиясы атынан сынға түскен Әбдішүкір Хамзаев болса, елде темекі шегуге тыйым салып, іштен жанатын қозғалтқышы бар көлік импортын шектеуге дайын екенін жеткізді. Ал тізімдегі жалғыз әйел кандидат судьяларды көбейтіп, адвокаттар құқығын кеңейтуге бағытталған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
- Либералды демократиялық партия - елде орталықтандырылған ұйым. Ол қоғамды одан әрі дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның авторы. Әлеуметтік мәселелерді шешуге көп екпін жасалған. Экология партиясы тек қана қоршаған ортаны сақтауға мән береді. Қалған екі партия көтерген мәселелер бір-біріне ұқсас. Себебі мақсаты алдыңғы екеуіне қарағанда мүлде бөлек деуге болады. Айтарлықтай өзгешелік жоқ.
Дауыс беру ел бойынша құрылған 14 сайлау округінде өтеді. Жалпы саны 10 мың 800-ге жуық учаске дайын. Оның барысын ақпараттандыруға 229 журналист тіркелді. Түрлі мемлекеттен байқаушылар да келді.
Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өзбекстандағы сайлауға байқаушы ретінде келіп отырмыз. Бұл өте маңызды науқан. Орайы келгенде Парламенттер арасындағы әріптестік жайын қозғағым келеді. Бізде бір-бірімізден үлгі алатын мысалдар көп. Арал тауқыметін азайтуға бірлесіп күш салып келеміз. Бұл бағытта әріптестік жалғасын табады деген сенімдеміз.
Айта кетейік, кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөніндегі шешім конституциялық түзетуден кейін қабылданды. Оған сай жеңіске жеткен кандидат 7 жылдық мандатқа ие болып, тағы бір мәрте президенттік додаға түсе алады.
Авторы: Рауан Мыңбаев