Хабар телеарнасы

Иран Израиль аумағын зымыранмен атқылады

Таяу Шығыстағы жағдай күннен күнге ушығып барады. Түнде Иран Израиль аумағын 180-ге жуық баллистикалық зымыранмен атқылады. Израиль премьер-министрі: «Иран үлкен қателік жасады, сол үшін жауап береді»,– деді. АҚШ билігінің өкілдері Израильді қолдауға дайын екенін мәлімдеді. 

Ислам революция сақшыларының корпусы бұл Израильдің Хамас пен Хезболла жетекшілерін өлтіру және Ливан мен Палестина халықтарына қарсы зұлымдығы үшін жауап болғанын жариялады. Иран билігі өкілдерінің мәлімдеуінше, соққыны тек әскери нысандарға жасаған және ауқымды соғысты қаламайды. Бірақ Тель-Авив жауап берсе, бұдан да жойқын шабуыл жасайтынын ескертті.

Мохаммад Багери, Иран қарулы күштері бірлескен штабының басшысы:
-Егер Америка мен Еуропа шегінен кеткен сионисттік режимді тындырмаса және ол қылмыстарын жалғастырып, егемендігімізге қарсы қимыл жасаса, осы операцияны бұдан да жоғары қарқынмен қайталап, барлық инфрақұрылымына соққы жасаймыз.

Ал Израиль әскерінің өкілі зымырандардың көбісін қағып түсіргенін және бұл шабуыл өз мақсатына жетпегенін мәлімдеді. Әуе соққысына тойтарыс беруге осы аймақта орналасқан АҚШ әскери кемелері де қатысты. Құтқару қызметі зымыран жарықшақтары бір ғимаратқа құлап, екі тұрғын жеңіл жараланғанын жариялады. Израиль премьер-министрі Иранның бұл шабуылы жауапсыз қалмайтынын ескертті.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
-Иран үлкен қателік жасады, бұл үшін жазасын тартады. Өзімізді қорғап, дұшпаннан кек алу үшін бел байлайтынымызды түсінбейді. Мұны Синвар мен Дейф те, Насралла мен Мохсен де ұққан жоқ. Бізге кімде-кім шабуыл жасаса, жауап қайтаратын ережеміз бар.

АҚШ билігі Израильге толық қолдау көрсетуге дайын. Джо Байден Ұлттық қауіпсіздік тобының шұғыл отырысын өткізді.

Джо Байден, АҚШ президенті:
-Менің бұйрығым бойынша АҚШ әскері Израильді қорғауға көмектесті. Иранның бұл шабуылы мақсатына жеткен жоқ. Бұл АҚШ пен Израиль әскерлерінің әлеуетін көрсетті. Жаңылыспаңдар, АҚШ толығымен Израильді қолдайды.

Израиль билік өкілдеріне сілтеме жасаған Аксиос басылымы Тель-Авив алдағы бірнеше күнде Иранның мұнай өңдейтін кәсіпорындары мен өзге стратегиялық нысандарға жойқын соққы жасайтынын жариялады. Ливандағы қақтығыс та толастар емес. Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне екінші дивизиясын аттандырды. Олар «Хезболлаға» қарсы құрлықтағы операцияға қатысып жатқан дивизияға қосылады.

Авторлары: Бекболат Тұрмаханов