Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяда өзіне қол жұмсау неге көбейді?

Оңтүстік Кореяда жеткіншектер мен жастар арасында өзіне қол жұмсау саны өсіп барады. Бұл ел дамыған мемлекеттер арасында суицид саны бойынша көш бастап тұр. Жағымсыз статистиканың себебі неде және Оңтүстік Корея үкіметі бұл мәселемен қалай күресіп жатыр? 

Қазір біз Сеулдегі ғимараттардың бірінің ең жоғары 20-қабатында тұрмыз. Терезені ашып көрейік. Ол толық ашылмайды. Сондықтан ең арық адамның өзі бұл жерден секіре алмайды. Өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу үшін осындай терезелер басқа да биік ғимараттар мен қонақүйлерде орнатылған.

Оңтүстік Кореяда өзіне қол жұмсау мәселесі 1998 жылғы Азия қаржы дағдарысынан кейін ушыға түсті. Сол кезде әр 100 000 адамға шаққанда бұл көрсеткіш 19-дан 26 адамға дейін өсті. Содан бері бұл қайғылы көрсеткіш өсіп, 39-ға жетті. Өзіне-өзі қол жұмсағандардың көпшілігі 20 жасқа толмаған жастар. 28 жастағы Хан Ги Хунның айтуынша, бұған себеп – білім саласындағы жоғары бәсекелестік. Ги Хун беделді оқу орнын бітіріп, жақсы жұмыс тапқан. Алайда университетке түсе алмағандар көбінесе депрессияда жүреді.

Хан Ги Хун, Сеул қаласының тұрғыны:

-Бәрі шексіз бәсекелестіктен басталады, ал оқу – оның тек бастамасы. Мұндай бәсекеге толы ортада әрдайым жеңімпаздар мен жеңілгендер де болады. Кәрістер әрқашан бірін-бірі салыстырып, бәсекелесетін, ал Instagram мен YouTube сияқты әлеуметтік желілердің дамуымен табысты өмірді көрсету тым көбейіп кетті. Бұл табысты адамдардың нормасы деген иллюзия тудырады, ал ондай табысты өмірді көрсете алмайтындар қалыптан тыс немесе артта қалғандар болып көрінеді.

Алексина Ли Қазақстандағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі туралы диссертация жазып отыр. Оның айтуынша, Кореядан айырмашылығы қазақстандық жастар үшін беделді білімнің болмауы стресс факторы емес. Бірақ біздің елде ҰБТ тапсыру мүмкіндіктері көбейгеннен кейін өзін-өзі өлтіру саны азайды.

Алексина Ли, психолог:

-Өзіне қол жұмсаудың негізгі себептері - біріншіден, психикалық аурулардың көп болуы және өкінішке қарай емделудің стигматизациясы. Екіншісі – білім алу кезінде кездесетін қиындықтар. Үшіншісі – экономикалық мәселелер. Ал төртіншісі, менің ойымша, бұл маскүнемдік.

Алекси́на Лидің пікірінше, өзіне қол жұмсау санын азайту үшін жасөспірімдер мен жастардың өмірдің қиындықтарына төзімділігін арттырып, мәселені шешу қабілетін үйрету керек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян