Хабар телеарнасы

Қазақ жігіті Атыраудан Анадолыға жаяу жетті

Шымкентте туып-өскен Ролан Берікұлының жасы 17-де. Елде туризм саласын дамытуға құлшынып жүрген бозбала туристік елдерді жаяу аралауға бел буған. Ол Дағыстан, Шешенстан, Грузия арқылы жүріп, Түркияның Ризе қаласына дейін барған. 26 күнде 1 мың 300 шақырымды жаяу жүріп өткен. 2 рет жаңбыр астында қалып, 18 күн далада шатырда түнеген. Арқалаған сөмкесі 20 келіден кем емес. Қазір ол Кония қаласында. Оны отандасымыз Дәурен Сәбитұлы қарсы алған. 

Ролан Берікұлы, саяхатшы:

-Қазақстаннан Түркияға жаяу шыққандағы ең алғашқы мақсат - ел көріп, жер көріп, тану болды және келесі мәселе - өзім туризмге қызыққан мақсатта алдағы уақытта Қазақстандағы туризмді дамыту. Жалпы осы 1 айдың ішінде 1300 шақырымды жаяу жүріп өттім және күніне 50-60 шақырымды бағындырып отырдым. Жолдағы ең қызық жағдай Ресейдің Астрахан қаласында болды. Қаладан шығаберісте жолдың ар жағында бір топ ит жүрген болатын. Бір қарағанда маған қарай жүгіріп келе жатты. Сақтық үшін өзіммен алып шыққан электршокер бар еді. Соны ауаға басып, өзімді қорғап алған болатынмын.

Дәурен Сәбитұлы, Кония қаласының тұрғыны:

-Осылай Қазақстаннан қазақ бауырымыз Түркия еліне жаяу шыққанын көріп, өз басым қатты қуанып, өзіне кері байланысқа шығып, өзіміздің қонақжайлығымызды көрсетіп, қонақ қылып шақырдым.