Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяда заңсыз миграцияға қарсы жалпыұлттық операция өтіп жатыр

30-шы қыркүйекте басталған бұл іс-шара қарашаның аяғына дейін жалғасады. Елде заңсыз жүрген шетелдіктерге айыппұл салынып, отанына депортацияланады. Бұл осы жылда қолға алынған екінші іс-шара. Дегенмен Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранттардың саны артып келеді.

Заңсыз мигранттардың көбісі визасыз тәртіпті пайдаланып, Оңтүстік Кореяға турист ретінде келген. Бірақ демалудың орнына ауылды мекендерде жұмысқа жалданады. Қалаларда тиісті құжатсыз жұмыс табу қиын, әрі полицияға ұсталуы әбден мүмкін.

Жалпы елдегі заңсыз мигранттардың саны 410 мыңнан асты. Арасында ең көбі Таиланд азаматтары  – 145 мыңнан аса. Екінші орында қытайлықтар - 14 мың 800, олардан кейін қазақстандықтар – 10 827 адам.

Жекеменшік виза агенттігінің басшысы Ким Чон Минның айтуынша, жылына тек 20 мыңдай заңсыз мигрант қолға түседі. Көбі балық аулау мен мал шаруашылығы салаларында және ауылдардағы шағын зауыттарда жұмыс істейді.

Ким Чон Мин, визалық және әкімшілік сауалдар агенттігінің президенті:

- Менің ойымша, ауыл шаруашылығы мен балық аулау салаларында жұмыс істейтін мигранттарды заңдастыру мүмкіндігін қарастыру керек. Кореяда бейнекамера көп болса да барлығын ұстау мүмкін емес. Өйткені елімізде адам құқықтарына көп көңіл бөлінеді. Егер заңбұзушылық жөнінде ақпарат түспесе, полиция мен миграциялық қызмет өз бетімен қамауға ала алмайды. Осындай ауқымды тексеру жүргізуге мамандарымыз да, құралдарымыз да жетпейді.

Үкімет заңсыз мигранттарды жұмысқа алатын кәсіпкерлерге жазаны күшейтті. Үш жылға дейін соттап, 30 миллион вон мөлшерінде айыппұл салуы мүмкін. Бірақ кейде керісінше, заңсыз мигранттарды алдап, еңбекақысын төлемейтін жағдайлар болады. Мұндай кезде адвокаттардың көмегі зор.

Ко Мин Сок, адвокат:

- Заңсыз мигранттардың орындаған жұмысы үшін жалақысын талап етуге құқығы бар. Осындай мәселе туындаса, Еңбек инспекциясына шағымдану керек. Көбінесе жазадан құтылу үшін жұмыс беруші жалақысын төлейді. Ал егер төлемесе, сотқа шағымдану қажет.

Сарапшылар заңсыз миграция мәселесі тез арада шешілмейтінін мойындап отыр. Өйткені елде бала туу көрсеткіші тым төмен. Ал ауылдарда жұмыс істейтін адам жетіспейді.

Владислав Цой