Хабар телеарнасы

2024 жылы әлем жұртшылығын елең еткізген геосаяси оқиғалар

2023 жылы Газада басталған соғыс биыл да жалғасты. Бірқатар мемлекеттің арағайындығымен Қатарда бірнеше рет келіссөздер өткенімен, жауласқан тараптар ымыраға келе қоймады.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль соққыларынан 45 жарым мыңнан аса палестиндік қаза тапқан. Жартысынан көбі – әйел мен бала. Газа аймағы тұрғындарының 90 проценті үйлерін тастап, босып кетті. Күнкөріске қажет заттар жоқ. Қарулы қақтығыс кесірінен көмек жеткізу қиын. Аймаққа аштық пен эпидемия қаупі төніп тұр. Қараша айында Халықаралық қылмыстық сот аштықты қару ретінде қолданғаны үшін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантты қамауға алу үкімін шығарды. Сот олар Газа секторының бейбіт тұрғындарына орасан зор азап келтірген шабуылдар үшін жауапты, - деп шешті.

Биыл Израиль мен Иран арасындағы текетірес қарулы қақтығысқа ұласып кетті. 1-ші сәуірде Израиль Дамасктегі Иран консулдығына соққы жасады. Шабуылдан 16 адам қаза тапты. Арасында жоғары лауазымды әскери қолбасшылар болған. Ресми Тегеран мұны «лаңкестік әрекет», - деп атап, міндетті түрде жауап қайтаратынын айтты.

13-ші сәуірде Иран Израиль аумағын 170-ке жуық дрон және 120-дан аса зымыранмен атқылады. Салдарынан екі әскери-әуе базаға нұқсан келіп, 33 бейбіт тұрғын жеңіл жарақат алды. 19-шы сәуірде Израиль Иранның Исфахан қаласына шабуыл жасады. Бұл қалада ядролық нысандар орналасқаны белгілі. Бірнеше айға созылған үзілістен кейін 1-ші қазанда Иран Израильге қайта соққы жасады. Бұл жолы 200-ден аса баллистикалық зымыран атқылады. Салдарынан 2 адам жарақат алып, Иордан өзенінің батыс жағалауында палестиндік жұмысшы мерт болды. 26-шы қазанда Израиль жауап берді. Зымыран шығаратын кәсіпорындар мен әскери нысандарды бомбалады.

Ең қызығы бұл қарулы қақтығыс Ливандағы соғыстың аяқталуына әкелді. Иран жағынан төнген қауіпке басты көңіл бөлу қажеттігін мәлімдеген Израиль премьер-министрі Биньямин Нитаньяху Хезболламен бітімге келуге келісті. Осылай қараша айының соңында Ливанда бейбітшілік орнады. Көп айға созылған келіссөзден кейін қос тарап АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспарын мақұлдап бекітті. Оған сәйкес Израиль әскері 60 күн мерзімінде Ливаннан шығуға тиіс. Ал Хезболла өз жасақтарын шекарадан 30 шақырымдық қашықтыққа шығарады. Бұл аумақты Ливанның үкіметтік әскері өз бақылауына алды.

Сарапшылардың пікірінше,  Израиль Хезболла басшылары мен әскери әлеуетін жоюда табысқа жетіп,  «Хезболлаға» бітімге келісуден басқа амалы қалмады.

Хезболланың әлсіреуі көршілес Сирияға тікелей әсер етті. Өйткені Башар Асад көтерілісшілермен күресінде негізінен осы ұйымның қарулы күштеріне сүйенген болатын.

27-ші қарашада Идлиб өңірінде бекінген Хизбут Тахрир ат-Шам жасағы шабуылға шығып, әуелі елдің ең ірі шаһары Алеппоны, сосын қысқа мерзімде өзге үлкен қалаларды басып алды. Ақыры 8-ші желтоқсанда ел астанасы Дамаскке кірді. Башар Асад отбасымен Ресейге ұшып кетті. Осылайша 53 жыл елді басқарған әулет билігінен айырылды.

Биыл АҚШ-тағы  президенттік сайлау әлем назарында болды. Себебі алпауыт елдің жаңа басшысы АҚШ-тың сыртқы саясатына өзгеріс әкелуі мүмкін. Ал ол өзге елдерге әсерін тигізбей қоймайды. Тартысты өткен додада Дональд Трамп жеңіске жетті. Тіпті өзіне жасалған  екі қастандықтан аман қалды.

78 жастағы Дональд Трамп - АҚШ тарихында жасы ең үлкен президент. Сондай-ақ осыған дейін сайлауда ұтылып, 4 жылдан кейін қайта билікке келуі соңғы рет осыдан 130 жыл бұрын болған. Жалпы бұл үрдіс америкалық қоғам санасының өзгергенін көрсетіп отыр. 20 ғасырдың аяғына дейін басы істі болмақ түгілі әйелімен ажырасқан саясаткерді ең жоғары лауазымның маңына да жолатпайтын. Ал Дональд Трамп қанша дауға іліксе де, тіпті қылмыстық іс бойынша айыпталса да, халық арасындағы беделіне нұқсан келмеді.

Биыл көп адамның қазасына әкелген лаңкестік шабуылдар болды. 22-ші наурызда концерт көруге жиылған 6 мыңнан астам ресейліктің демалыс кешінің астаң-кестеңі шықты.

Мәскеу түбіндегі Красногорскідегі «Крокус Сити» концерт залына баса көктеп кірген 4 адам бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Лаңкестер Молотов қоспасын лақтырып, от лап етті де, зәре-құты қашқан дәліздегі халық жапа-тармағай сыртқа лап берді. Өрт аумағы 13 мың шаршы метрге жетті. Жалын шарпыған жерден адамдардың барлығы шығып үлгермеді. Қанқұйлы қантөгісте 145 адам мерт болды.

Айта кету керек, наурыздың басында АҚШ Мәскеуде теракт болуы мүмкін екенін ескертіп, өз азаматтарына адам көп жиналатын жерлерге барудан тартынуды, сақтануды ескерткен еді. Терактіні ДАИШ лаңкестік тобы өз мойнына алған.

Бұл топ 3-ші қаңтарда Иранда да лаңкестік әрекет жасады. 4 жыл бұрын АҚШ-тың әуе соққысынан қаза тапқан әскери қолбасшысы Қасым Сүлейменді еске алу шарасы кезінде екі бомба жарылды. Салдарынан 103 адам қаза тауып, 284-і жараланды.

Бекболат Тұрмаханов