Индонезияның Флорес аралында жанартау атқылап жатыр
Табиғи апаттан 10 адам мерт болды. Жақын маңдағы 2 мыңнан астам үйге зақым келген. Кеше ол 8 рет аспанға от шашып, күлі 8 шақырым биікке көтерілген. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Билік апат аумағынан 6 мыңдай тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Аралдағы 4 шағын әуежай жабылды. Индонезия «Тынық мұхиттағы отты белдеу» деп аталатын аймақта орналасқан. Әлемдегі жанартаулардың көбі осында және зілзала жиі болып тұрады.
Тайфун соқты
Отты белдеуде орналасқан тағы бір ел – Филиппинге тайфун соқты. Сағатына 200 шақырым жылдамдықта соққан жел ағаш пен электр бағаналарын құлатып, үйлерді бұзды. Дауыл салдарынан су тасып, лай көшкіні жүрген. 40 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшіртілді. Бұл - соңғы айда елде болған үшінші тайфун. Алдындағы екеуінен 151 адам қаза тапқан еді. Жалпы бір жылда Филиппинде шамамен 20 дауыл соғады.
Куба жарықсыз қалды
Ал Кубаның батыс бөлігінде Рафаэль дауылы соқты. Ол ағаштарды тамырымен жұлып алып, электр бағаналарын құлатты. Салдарынан бүкіл ел жарықсыз қалған. Бұл соңғы бір айда екінші рет болып тұрған жағдай. Қазанда "Оскар" дауылы ойран салып, елдегі басты жылу электр стансасы істен шыққан еді. Бұл жолы да мектептер жабылып, қоғамдық көлік тоқтады. Ал жергілікті тұрғындар далада от жағып, оған тамағын дайындайтын болды.