Израиль мен «Хезболла» қақтығысы тоқтады
Израиль мен «Хезболла» қозғалысы арасындағы қарулы қақтығыс бүгіннен бастап тоқтады. Екі тарап та жуырда АҚШ ұсынған екі айлық бейбітшілік жоспарын мақұлдап бекітті.
Жауласқан тараптар арасындағы келіссөздерге АҚШ пен Франция араағайындық танытты. Ұзақ уақыт бітім жасауға келіспеген Израиль билігі кеше осы мәмілені қолдады. Тек бір министрі қарсы дауыс берген.
Джо Байден, АҚШ президенті:
-Жаңа ғана Израиль және Ливан премьер-министрлерімен сөйлестім. Екеуі де Израиль мен «Хезболла» арасындағы жойқын жанжалды тоқтату туралы АҚШ ұсынысын қабылдады. Осындай нәтижеге қол жеткізуге атсалысқан Франция президенті Эммануэль Макронға алғыс айтқым келеді.
Атысты тоқтату туралы келісім бүгін жергілікті уақытпен сағат таңғы төртте күшіне енді. Соған сәйкес Израиль әскері алдағы 60 күнде Ливаннан шығуы тиіс. Ал «Хезболла» өз жасақтарын шекарадан 30 шақырым қашықтыққа шығарады. Бұл аумақты Ливанның үкіметтік әскері өз бақылауына алуы керек. Мәміленің орындалуын АҚШ басқаратын, құрамында 5 мемлекеттің өкілдері бар комитет қадағалайды.
Джонатан Лорд, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік бағдарламасының директоры:
-Келіссөздер бірнеше айға жалғасты. Израиль Хезболла басшылары мен әскери әлеуетін жоюда табысқа жетті. Шынын айтқанда, «Хезболлаға» бітімге келісуден басқа амалы қалмады.
Бірақ Израильге де бұл соғыс оңай болған жоқ. Мұны премьер-министрі де мойындады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
-Неге дәл қазір атысты тоқтатуымыз керек? Негізгі үш себебі бар. Біріншіден Иран жағынан төнген қауіпке басты көңіл бөлуге тиіспіз. Екіншіден, күштерімізге тыным беріп, қорымызды толтыруымыз қажет. Ашық айтайын, қару-жарақпен жабдықтауда қиындықтар болды. Үшіншіден, Хезболланы соғыстан шығарып, Хамас майданда жалғыз өзі қалды.
Биньямин Нитаньяху, егер «Хезболла» бітімді бұзса немесе қайта қарулана бастаса, Израиль соққы жасайтынын ескертті. Ал бітім жарияланған алғашқы күннен бастап, соғыстан қашқан тұрғындар өз үйлеріне оралып жатыр.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов