Газа секторындағы соғыс тоқтауы мүмкін
Мысырда Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқын алмасу туралы келісімге қол қойылуы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Аталған басылымның ақпары бойынша тараптардың бітімгершілік туралы келіссөздері аяқталуға жақын. Себебі кейінгі апталарда АҚШ, Қатар және Мысырдың арағайындығымен бітімге келу ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Осыған байланысты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Каирге аттанды. Келісім 3 кезеңнен тұрады. Ол бойынша алғашқысы 45 күнде Газадағы тұтқындар босатылуға тиіс. Ал Израиль күштері Мысырмен шекаралас аймақтан, қала орталықтарынан кетуі керек. Екінші кезеңде қалған тұтқындар босатылып, әскерилер шығарылады. Ал соңғы кезеңде тараптар соғысты тоқтатуы тиіс.