Дубайда «Сұңқар» жасағы тағы алтын алды
«Сұңқар» тағы биікке самғады. Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан арнайы жасақтар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық команда, төртінші кезеңде де үздік нәтиже көрсетті. Ішкі істер министрлігіне қарасты құрылым қызметкерлері қойылған тапсырманы 2 минут 34 секундта орындады. Сөйтіп жалпыкомандалық тізімде көш басындағы орнын сақтап қалды.
Ел ішіндегі бәсекелерде әбден сыналып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған қазақ сарбаздарының бұл жолы жұлдызы жанды. Бабы мен бағы келіскен оғландар көш басына мықтап орнығып алғандай. Ұйымдастырушылар қазақстандық жауынгерлердің шеберлігін айрықша атап өтті. Оларды осы сынға тыңғылықты әрі жүйелік тұрғыда дайындаған Ішкі істер министрлігі, мемлекеттік күзет және Ұлттық ұлан қолбасшылары, яки лауазымды тұлғалар жарыстың басы-қасында жүр. Әр сынақ алдында команда мүшелерін қолдап, жігерін жанып, намысын қайрап жатыр.
Аңсаған Балтабеков, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы:
-Бұл жетістіктің бәрі дайындықтың арқасында. Әрбірі өз бабында. Шынығып, тынығып осы сайысқа 6 ай бойы дайындалған. Соның арқасы.
Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығы болса, құқықтық көмек көрсетіп, сарбаздардың керек-жарағын дер кезінде жеткізіп беруде. Жанкүйерлердің қолдауы тағы бар. Нәтижесінде қазақстандық командалар еншісіне алтын, күміс, қола да бұйырды. Алғашқы кезеңде Сұңқар, одан кейін Сардар, енді міне үшінші және төртінші сайыс күнінің қорытындысы бойынша тағы сол Сұңқардың мықтылығы дәлелденді. Қазір ішкі істер министрлігіне қарасты жасақ көш басында.
Сүйінғали Оразақаев, жанкүйер:
-Менің бөліп жаратын ешкімім жоқ. Бәріміз Қазақстанның намысын қорғауға келдік. Дегенмен өзім дайындаған жігіттер ыстық болады. Біз ел ішінде жүрсек те, мына жақта бір ел үшін жүрміз. Мен жанкүйер ретінде келдім.
Жарыс арнаулы мақсаттағы жасақтардың өзіндік жаһан чемпионаты іспеттес. Неге десеңіз, ауқымы және ұйымдастыру деңгейіне қарай осындай баға беруге болады. Жүлде қоры 260 мың долларға тең. Сондықтан болса керек, Дубай челленджіне бұрын-соңды 100-ден астам команда қатыспаған. Биыл 50-ге жуық мемлекеттен 105 ұжым 5 күндік бәсеке көркін қыздырып жатыр. Соның 12-сі біздің елден келген. Былтыр жалпы командалық сында қазақстандық жасақ қола еншілеген еді. Сол жүлдені енді алтынға айырбастау міндеті тұр.
Авторы: Рауан Мыңбай