Аида Балаева ЖОО ректорларымен онлайн форматта кездесу өткізді
Сондықтан елімізде денсаулық сақтау бойынша салалық журналистерді дайындауға ден қойылмақ. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның жоғарғы оқу орындары өкілдерімен кездесуінде тиісті меморандумға қол қойылды.
Журналистиканы оқып келе жатқан болашақ тілшілер туралы не айтуға болады? Олардың кәсіби біліктілігін қалай көтеру керек?
Ректорлар, режиссерлер, операторлар, білікті журналистер онлайн бас қосып, министрге қазақстандық журналистиканың әлсіз тұстарын тізді. Болашақ тілшілерді оқытатын білікті мамандар жеткіліксіз. Сондықтан бұл іске аты мен заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек. «Ең дұрысы, болашақ тілшілерді аудиторияда емес, тәжірибе арқылы шыңдаған дұрыс», – дейді.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Көп жағдайда жас мамандар практиканы жұмысқа тұрған соң үйренуге мәжбүр. Бұл орайда студенттің практикалық дағдыларын дамыту үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистика мамандығын игеріп жатқан студенттердің 1-курстан бастап мемлекеттік БАҚ-тарда өндірістік тәжірибеден өтуіне көмектесуге дайын.
Телеарналар ұсынып келе жатқан кейбір бағдарламалар қоғамда сын пікірдің нысанына айналды. Көшірме жобалардан қазақтың иісі сезілмейді. «Осы ретте көрерменге ұлттық болмысымызбен үндесетін тұшымды дүние тарту үшін телеарналар рейтингісін бағалау ғалымдарға жүктелсе», – дейді мамандар.
Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:
- Дамыған елдерде телеарна рейтингісін университет ғалымдары, салиқалы әрі тәжірибелі адамдар бағалайды. Осы азаматтар белгілесе, әр бағдарламаның рейтингісі нақты болады деп ойлаймын.
Қазір түрлі әлеуметтік желілерде зерттелмеген, жалған ақпараттар желдей есіп таралуда. Ал оның ақ пен қарасын ажыратып, қоғамға дұрыс жеткізу журналистерге жүктеледі. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева болашақ журналистер үшін «Медиа және ақпараттық сауаттылық» пәнін енгізуді ұсынды.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Иә, білімді әрі біліктілігі жоғары тілші дайындау – уақыт талабы. Себебі тәжірибесіз журналист өзі ғана емес, бүкіл елді адастырады. Сондықтан бүгінгі қоғамға өзін үнемі дамытатын, оқитын, ізденетін журналист керек.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Аманжол Байғазин