«Болашақ» бағдарламасы сапалық өзгерістерге бет бұрды
Өзінің 27 жылдығын атап өткен президенттік стипендия биылдан бастап жаңа өзгерістерге бет бұрды. Халықаралық бағдарламаның жаңа ережесі қабылданып, үміткерлерге және оларды іріктейтін тәуелсіз сараптама комиссиясының жұмысына талап күшейтілгені белгілі.
Ең бастысы стипендия тарихында тұңғыш рет құжат қабылдау толықтай автоматтандырылып, онлайн жүйеге көшірілді. Енді шетелдің озық білімін арқалап келген түлектерді елде сабылтып қоймай, тікелей жұмыс берушімен ұштастыру тетігі қарастырылып жатыр. Бағдарламадағы осы және өзге де өзгерістер болашақтықтардың Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуі барысында жан-жақты сөз болды.
Медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым, білім беру. Әрқайсысы түрлі салада жетістікке жетіп, қазір ел игілігіне қызмет етіп жүр. Халықаралық бағдарламалар орталығында «Болашақ» бағдарламасының түлектері бас қосты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен сұхбаттасып, пікір алысты. Халықаралық шәкіртақы тағайындауға қатысты өзгерістердің жайын қозғады.
Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Біздің мақсат – студент оқуын аяқтағанға дейін жұмыс табуына жағдай жасау. Яғни студент пен жұмыс берушіні ұштастырсақ дейміз. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Діттегенімізге жетсек, түлек оқуын тәмамдағаннан кейін жұмыс іздеп әлек болмайды.
Келер жылдан бастап үміткер оқуының ақысы қосымша қаржыландырылса, халықаралық шәкіртақы тағайындауда басымдыққа ие болады. Яғни оқу ақысының бір бөлігін жұмыс беруші төлесе, қалған бөлігін мемлекет өтейді. «Бұл шара бюджет қаржысын үнемдеуге, жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға сеп болады», – дейді. Сондай-ақ құжат қабылдау мен үміткерлерді іріктеуге қатысты қағазбастылық енді өткеннің еншісінде.
Айнұр Кәрібозова, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:
- Осы жылы жаңа іріктеу ережесіне сәйкес құжаттар толығымен электрондық үкімет порталында қабылданды. Үміткерлер конкурсқа жолдама алысымен арнайы жасақталған порталда болады. Конкурстық іріктеу сатылары автоматтандырылған онлайн жүйеде өтті.
«Болашақ» бағдарламасының іріктеу тәртібі едәуір күшейді. Енді саннан сапаға көшуде. Сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеуге де баса назар аударылуда. Сондықтан енді шет тілін жетік меңгерген үміткерлер ғана іріктіледі. Бұрынғыдай алдын ала тілдік курсқа жіберілмейді. Нәтижесінде жылына 1 млрд 300 млн теңге қазынада қалады. Қазақ жастарына әлемнің маңдайалды университеттерінде білім алуға мүмкіндік берген бағдарламаға биыл 27 жыл. Иә, елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Осы бағытта «Болашақ» бағдарламасының түлектері ел дамуының негізгі көзі болады деген сенім бар.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Болотбек Таболдиев