Қостанайда 1200 орынға шақталған мектеп ашылды
Кезекші сынып оқушылары үшін сабақ мұнда 3-тоқсанда басталады. Жаңа мектеп өзінің көлемі мен материалдық жабдықталуының арқасында бірегей оқу орны саналады.
Мәншүк Алашбаева «Юбилейный» шағынауданына жақында қоныстанған. Ата-ана баласын осы күнге дейін алыстағы мектепке ертіп жүрді. Енді мұның бәрі артта қалды. Жаңадан ашылған оқу ордасы үйге тиіп тұр.
Мәншүк Алғашбаева, шағынаудан тұрғыны:
- Өзіміз жұмысқа кетер кезде баланы оятуға қиындықтар туатын. Баланы алып барып, алып келуі бар. Енді баламыздың өзі сабағына барып келеді. Үйге жақын.
Заманға сай жабдықталған мектеп құрылысына 3 млрд 200 млн теңге жұмсалды. Ғимаратта барлығы 42 сынып болады. Облыста теңдесі жоқ кең спорт және акт залы да осында. Уақытша денсаулығы нашарлаған, тірек-қимыл жүйелері бұзылған балаларға инклюзивті білім беру мүмкіндіктері қарастырылған. Қазір педагогикалық ұжым толық қалыптасқан. Оқу бағдарламасы жаратылыстану-математикалық бағытқа негізделеді.
Бақытжан Исетова, мектеп директоры:
- Жастарды компьютерлік техникаға үйрету мақсатында 2020 – 2021 оқу жылында қаңтар айында робототехника деген секілді оқушылардың білімін тереңдететін факультатив сыныптары, арнайы кабинеттер болады.
Соңғы уақытта аймақта жүздеген білім беру нысаны қалпына келтіріліп, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді.
Зәуре Байменова, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Соңғы екі жылда облыс орталығында үш мектеп ашылған. Осының арқасында оқушылар орны тапшылығы облыс бойынша жоқ.
Келер жылға да құрылыс жоспары бекітілді. Жаңа мектептер облыс орталығында және Қарабалық ауданында салынады.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров