Қазақстандық қыз-келіншектерге ғылыммен кәсіби тұрғыда айналысу үшін қандай жағдай жасалған?
Мемлекет те әйелдерге қай салада болмасын ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қазақстандық қыз-келіншектерге ғылыммен кәсіби тұрғыда айналысу үшін қандай жағдай жасалған?
Жанар Темірбекова, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарын орындауды қабылдағанымен, әсіресе осы гендерлік теңдікке байланысты бесінші мақсат бойынша әлі айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізген жоқ. Елімізде әйелдерге бағытталған арнайы бағдарлама жоқ. Мұндай квота қажет. Өйткені елімізде ғылым саласында, басшылық механизмде жұмыс істейтіндердің көпшілігі – ер адамдар. Бұл жағдай әйел ғалымдардың басшылық не басқарушылық қабілеттерінің болмауынан емес. Ол қоғамдағы әйелдерге бағытталған стереотиптердің ғылым саласына да әсер етуінен туындап отыр. Мысалы, елімізде соңғы жылдары ғана әйел ректорлардың саны көбейе бастады.
Халықаралық тәжірибеге қарасақ, әйелдерге арналған квоталар мен бағдарламалар болады. Мұндай бағдарламалар қыз-келіншектердің техникалық мамандық таңдауына септігін тигізеді. Соңғы екі-үш жылда «Technovation Girls» халықаралық жобасында қазақстандық қыздар жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар алып жүр.
Ата-аналар балалары жалпы білім алғаннан кейін ғылыми тұрғыда дамуы үшін оларды бағыттауы қажет деп ойлайсыз ба?
Жанар Темірбекова, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Әрине, баланың тұлға болып қалыптасуына оның оқыған мектебі, ата-анасы, білім жүйесі мен ұстаздарының ықпалы зор. Барлығы бірігіп, балаға жақсы бағдар беруі керек. Өкінішке қарай, бізде ата-аналар көп жағдайды қоғамда қалыптасқан стереотиптер арқылы белгілейді.