БҚО ауылының оқушылары үш ауысымда оқуға мәжбүр
Карантинге байланысты оқыту әдісі әзірге аралас форматқа көшірілген. Ал дәстүрлі жүйеге оралса, әдеттегі қарбалас қайта басталады. Бала саны ғимарат сыйымдылығынан үш есе көп. Оқушылар тіпті кейбір пәнді шығармашылық және спорт залдарында оқуға мәжбүр. Сондықтан ауыл тұрғындары биліктен жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр.
Подстепное ауылы қаладан небәрі 5-6 шақырым жерде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекенде он мыңға жуық адам бар. Тұрғындардың тұрмыс сапасы жаман емес. Тек білім беру жүйесіндегі келеңсіздік көпшілікті толғандырып отыр. Ауылда екі мектеп бар. Бірі қазақ тілінде білім береді. Екіншісінде қазақ және орыс сыныптары бар. Алғашқысының жай-күйі алаңдатарлық. Ғимарат 345 орынға шақталып салынған. Алайда мұнда қазір 900-ге жуық бала оқиды.
Марат Сихов, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Бастауыш сыныптарда таңғы 08:00-де бастағаннан үш сабақ өткіземіз. Содан кейін дене тәрбиесі, музыкалардың барлығында басқа сыныпқа көшіреміз. Сол кезде сыныпты 15 минуттай жинап алып, екінші ауысымды кіргіземіз. Оларда сабақ 14:30 бен 15:00 аралығында аяқталады. Содан кейін үшінші ауысымды кіргіземіз. Балалар шамамен 19:40-та қайтады.
Амалдың жоқтығынан кейбір пәнді шығармашылық және спорт залдарында оқытуға тура келеді. Алдағы оқу маусымында жағдай тіптен қиындауы мүмкін.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Тұрғындар үш ауысымды мектеп ғимаратының қабырғасын резеңкеге балап, қалжыңдап та қояды. Әрине, оның да бір жөні бар сияқты. Өйткені мұнда жергілікті балалармен қатар, жақын маңдағы Тоқпай ауылының жеткіншектері де білім алады. Оның үстіне Орал қаласының іргесіндегі саяжайдан да жүздеген оқушы осы жерге күн сайын келіп-кетіп оқиды. Сонымен қатар Подстепное жанынан жаңа шағын аудан бой көтеріп жатыр. Қазірдің өзінде ауылға қаладан және көрші аудандардан көшіп келіп жатқан отбасылардың қатары қалың. Демек, алдағы жылы мектеп жасындағы бала саны кемінде бір жарым есеге артуы ықтимал.
Ауыл тұрғындары саладағы іркілістің тезірек серпіліске айналғанын қалайды.
Ардақ Хансұлтанова, ауыл тұрғыны:
- Ауысым уақытында балалардың келіп-кетуі, осы жақтан кішкене қиыншылықтар бар. Қосымша сабақтарға келейін десе де орын жоқ. Ата-ана ретінде менен ұсыныс, бір үлкен мектеп салынса деймін.
Ал жергілікті билік өкілдері ауылға жаңа мектеп салу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Айтуларынша, былтыр жобалық-сметалық құжаттама жасақталған.
Жанаргүл Құсайынова, Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда ол мына мемлекеттік сараптамадан өту процесінде. Енді жалпы толығымен құжаттамалар дайындалып, сараптаманың оң қорытындысын алған соң, әрі қарай жұмыс істеу керек.
Демек, әзірге құрылыс қашан басталатыны белгісіз. Үміт пен күмән арасында күнелтіп жүрген тұрғындар жобаның сағызша созылып кетпесіне алаңдайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов