Жаңа қазақ алфавиті: Президент Жарлығының жобасы таныстырылды
Құжат «Ашық нормативтік-құқықтық акт» сайтында жарияланды. 6 мамырға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
Латын графикасына негізделген әліпбидің алғашқы нұсқасы 2017 жылы шықты. Онда 32 таңба берілген еді. Тоғызының үстіне үтір қойылған болатын. Ғылыми тілде мұны апостроф деп айтады. Оны қолдаушыларға қарағанда, сынаушылар көп болды. Сөйтіп, 2018 жылы акутты жоба ұсынылды. Онда да 32 қаріп бар. Тек «Ш» және «Ч» әріптері екі таңбамен белгіленген. Естеріңізде болса, осы әліпбимен жалпыхалықтық диктант та жаздық.
Араға екі жыл салып қазір әңгіме етіп тұрған үшінші нұсқа таныстырылды. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31. Әуелде айтылған «бір әріп – бір таңба» деген қағидаға негізделген. Сонымен қатар бірнеше қазақ әрпі умляут, макрон, седиль, бревис диакритикалық таңбаларымен берілген.