Жаңа оқу жылында мектеп формасын кию міндеттелмейді
Бұл – Білім және ғылым министрлігінің шешімі. Алайда алматылық ата-аналар мұндай шешімге наразы. Олардың айтуынша, классикалық үлгідегі киім де арзан тұрмайды. Ал мектеп формасын тігетін фабрикалар екінші жыл қатарынан өнімдерін өткізе алмай, банкроттықтың алдында тұр. Мектеп формасын тігетін фабрикалардың қоймасында өткен жылғы дайын өнімді шаң басып тұр. Биылғы маусымда оқушыларға жаңа киім тігілмеген. Сұраныс жоқ. Министрдің кешегі шешімінен кейін тігіншілердің «қоймадағы өнімді биыл сатамыз» деген үміттері үзілді.
Дана Қаражанова, тауар өндіруші:
- Кірістің бестен бір бөлігі мектеп формасынан түсетін еді. Мамандардан, тігіншілерден айырылмау үшін түрлі салаға арналған арнайы киім тігуді қолға алдық. Мектеп формасын шығаратын өндіріс өкілдері нарықтағы сұранысты жоғалтпау мәселесін көтердік. Бұлай қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.
Министрдің шешімімен ата-аналар да келіспейді. Олардың айтуынша, классикалық үлгідегі киімге де қомақты қаржы керек. Сондықтан отбасылық бюджетті үнемдеу туралы айту артық. Ұстаздардың да пікірі ата-аналардың ойымен ұштасады.
Аятжан Ахметжанұлы, №90 гимназия директоры:
- Мектеп формасын міндеттеу керек. Министрліктің ол шешімді қабылдап отырғандағы басты мақсаты – пандемия кезіндегі халықтың әлеуметтік хал-жағдайы екендігі түсінікті. Бірақ қазіргі таңда классика мектеп формасынан да қымбат. Оның үстіне классикадан жоғары сынып оқушылары өте-мөте жарыс өткізеді. Күніне әртүрлі киіммен, әртүрлі классика, ал біз талап қоя алмаймыз, ал бұл мектептегі әлеуметтік теңсіздікті шығарады.
Ал қалалық Білім басқармасының өкілдері классикалық үлгідегі киім киюде белгілі бір тыйым мен шектеу бар екенін алға тартты.
Қайрат Жұманов, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Классикалық үлгі – ұстамды, артық ештеңесі жоқ киім. Мектепке спорттық үлгідегі киім киюге тыйым салынады. Шорты киюге де болмайды. Осындай тыйымдар бар. Ал, қою түсті джинс киіп келуге болады. Дегенмен мектеп формасын сатып алған ата-аналар, балаларына ыңғайлы болу үшін мектеп форасында сабаққа жіберсе болады.
Оқу жылының басталуына айдан аз уақыт қалды. Алайда Білім және ғылым министрлігі оқу форматының қандай болатыны туралы әлі бір шешімге келген жоқ. Сондықтан ата-аналар да мектеп формасын алуға асығар емес.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әсем Көшеғұлова, Мұхит Құдықбаев, Радик Жакупов