Қазақстандықтар он елде тегін оқи алады
Енді отандастарымыз он елде ақысыз оқи алады. Түлектерімізге грант бөлетін елдер қатарына Словакия, Әзербайжан мен Вьетнам қосылды.
Ұлан Зейін – елордадағы Ұлттық биотехнология орталығының қызметкері. Жас ғалым биыл Венгриядағы жетекші университеттің бірін тәмамдады. «Әлемге әйгілі зерттеушілердің ғылымдағы ғұмыры басталған жоғары оқу орнына қабылдану мен үшін үлкен мәртебе болды», - дейді жас маман.
Ұлан Зейін, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК ғылыми қызметкері:
- Бірнеше кезеңдік іріктеу болды. Бірінші, GPA, тіл бойынша, екінші, интервью және мамандықтың маңыздылығы бойынша іріктеу өткізді. Іріктеудің нәтижесін Венгрия мемлекетіне жіберді. Шілденің соңында оқуға түскенім туралы хат алдым. Басқа студенттерге айтарым – қорықпай, тапсырып көріңіздер.
Бүгінде басқа елде білім алғысы келетіндер де, олар үшін мүмкіндіктер де көбейген.
Қазақстандық түлектер Мажарстаннан бөлек, тағы 9 елде тегін білім ала алады. Оларға ай сайын шәкіртақы бөлінеді. Кей елдерде медициналық сақтандыру құны төленіп, жатақхана беріледі. Тек іріктеуден өту қажет.
Алтай Нұрманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бас менеджері:
- Бізде құжаттар тізімі өте қысқа. Кез келген үміткер осы талаптарды орындаса, құжаттарды тапсыруға мүмкіндігі бар. Ағылшын тілі білімі бойынша сертификат керек. Екінші талап, аттестат немесе бакалавр дипломының орта балы жоғары болуы керек. Үшіншісі, медициналық анықтама 072, сонымен қатар жеке төлқұжаты болуы қажет.
Талап пен еңбек бәрін жеңбек. Биыл құжат тапсырған 300-ден астам адам шетелдік университеттердің гранттарына ие болды. Ал соңғы 2 жылда үкіметаралық келісім аясында білім алуға мүмкіндік алғандардың саны 700-ден асқан. Оқу мерзімі аяқталған соң, олар елге оралып, 3 жыл қызмет етуі тиіс.