Жоғары оқу орындары жаңа оқу жылына қаншалықты дайын?
Ертіс өңіріндегі ірі жоғары оқу орындарының бірі – Торайғыров университеті дәстүрлі оқу жүйесіне оралуға дайын деп әзірге айту ерте. Санитарлық талаптар ескерілгенімен, студенттердің вакцина салдыртуда белсенділігі көңіл көншітпейді.
Ертарғын Шахман, С. Торайғыров университетінің проректоры:
- Студенттердің көбі вакцинадан қорқып жатады. Біз оларға бұйрық бере алмаймыз. Тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде білім алушылардың тең жартысы иммундау шараларынан өтті. Алдағы уақытта оқу орнының студенттік жүйесін жетілдірмекпіз. Яғни вакцина салмаған жастардың жеке кабинеттері бұғатталады. Осындай шараларға баруға мәжбүрміз.
Әділхан Ақтамберов – болашақ аудармашы. Ол да қатарластары сияқты өткен жылы қашықтан білім алған. Енді оқуын онлайн режимде емес, дәстүрлі форматта жалғастырғысы келеді. Өзінің және өзгелердің қауіпсіздігі үшін алғашқылардың бірі болып вакцина алған.
Әділхан Ақтамберов, студент:
- Вакцинаның кері әсерін байқамадым. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Өзім шешім қабылдап, вакцина салдырттым. Мен жақындарымның денсаулығына алаңдаймын. Сондықтан бұл қадамға бардым.
Оқытушылар мен студенттер университеттің емханасында вакцина алу мүмкіндігіне ие. Бүгінде емдеу мекемесіне тіркелген 1700 азаматтың 80% иммундау шарасына қатысқан.
Нұрлан Оразалин, С. Торайғыров университеті емханасының бас дәрігері:
- Студенттер ғаламтордағы вакцинаға қатысты жағымсыз ақпаратты оқып, күмәнданады. Біз препараттың пайдасы мен ұжымдық иммунитеттің маңыздылығын түсіндіреміз, әрине. Түсіністік танытқандар баршылық. Біздің емханаға 1000 доза бөлінді.
Оқу орнында 600-ге жуық оқытушы жұмыс істейді. Бес мыңға жуық студент оқиды. Бір айдан соң шәкірттердің тағы бір легі білім алуға кіріспек. Әзірге жастардың жартысы ғана вакцина салдыртқан. Бұл үрдісті тездету мақсатында ынталандыру шаралары қолға алынды.
Айбек Ақаев, С. Торайғыров университетінің департамент басшысы:
- Сауықтыру-спорттық кешеніне жолдамалар, жаттығу залына тегін абонементтер, Нұр-Сұлтан қаласына іссапар және жатақханамызға тұру үшін 50% жеңілдік қарастырылған. Ең басты сыйлығымыз – iPhone телефонына ақшалай сертификат.
Жаңа оқу жылында студенттер оқу орнына тек Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Ал вакцина алмаған оқытушылық құрам жұмыстан шеттетілмек. Әзірге олардың 80% вакцина алып үлгерген. Ал иммундаудан өтпеген студенттерді оқу ғимараттарына кіргізбеу шешімі әзірге қабылданған жоқ. Бұл шара қаулы бойынша ғана жүргізіледі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков