Ақтөбеде балабақша мен мектеп мәселесі шешілмей тұр
Балалар санының көптігі сонша, білім ордасында сабақ өтпейтін бұрыш қалмаған. Тіпті сырт киім ілетін гардеробты да сурет пәніне арнап жабдықтаған. Жақын маңда өзге оқу ордасы болмағандықтан мектеп әкімшілігі осындай қадамға баруға мәжбүр. Үш ауысымдық кестенің өзі де мәселені шешер емес.
Ақтөбеде әлеуметтік баспана негізінен Есет батыр ауданына салынады. Пәтер кезегіндегі көпбалалы аналардың да дені осы жерде. Сондықтан балабақша мен мектеп мәселесі соңғы 4-5 жылда тұрғындар үшін өте өзекті боп тұр. Мәселен, сегіз баланы дүниеге әкелген Динара Баймағаметова қыркүйек жақындаған сайын алаңдай бастайды. Биыл да бірінші сыныпқа баратын балақайына жақын маңдағы мектептен орын болмай, біраз әбігерге түскен.
Динара Баймағамбетова, қала тұрғыны:
- Мен үшін қиын. Әр балам әр уақытта оқиды. Кешке қарай қайтатын да уақыт болады. Мен қорқамын. Кейде кешке баланы өзім күтіп алу үшін кішкентай баламды біреуге тастау керекпін. Мектеп салынса екен деймін. Енді қаншама үй беріліп жатыр, мектеп те салынған дұрыс, бір мектепке бала сыймайды.
Ата-аналар «балаларды қайда оқытамын» деп бас қатырса, мектеп басшылығы оларды қайда отырғызарын білмей әлек. 2400 оқушыға арнап салынған ғимаратта өткен оқу жылында 3317 бала білім алған. 51 түлек 11 бітіріп, 70-ке жуық жеткіншек колледжге кетуді ұйғарыпты. Бірақ олардың орнына 450 бүлдіршін бірінші сыныпқа келіп отыр. Сондықтан мектеп директоры: «Ғимараттағы барлық бөлмені оқу сыныбына айналдырудан басқа амал жоқ», – дейді.
Абзал Тәжімішев, №60 орта мектептің директоры:
- Мектеп директорына мектептің ішінде 36 шаршы метр тиесілі болу керек. Мынау – 36 шаршы метр. Енді осы кабинетті жертөлеге көшіруім керек. Өйткені мына жерде кабинет береміз бе, әлде бөлек оқыту кабинеті етеміз бе, сол мәселені шешуім керек. Мынаның барлығын көшіруім керек.
Жертөлені мұғалімдер мен жұмысшылардың өздері жөндеп, ретке келтіріп қойған. Қосымша сабақ пен спорттық үйірмелер өткізуге де жағдай жасапты. Желдету жүйесін орнатқанымен санитарлық талапқа сай оқушыларды жер астында бір сағаттан артық ұстауға болмайды. Бұл мәселені жергілікті билікке бірнеше рет айтқан мектеп директоры балаларды өзге аудандарға тасымалдауды да ұсынған.
Абзал Тәжімішев, №60 орта мектептің директоры:
- Басшымен сөйлескен кезде көршілес мектепке балаларды тасымалдайық деп айттым. Автобусқа қаржы бөліңіз, сол балаларды тасымалдап, талапқа сай оқытайық дедім. 60 млн қаржы керек. Осы уақытқа дейін қаржы бөлінген жоқ. Енді қазір мен конкурс өткізетін болсам, қыркүйек айына дейін үлгермейді. Қыркүйекте балаларды қайда жібереміз?
Білім стандартына сай әрбір сыныпта 24 оқушыдан аспауы тиіс. Бірақ биыл №60 орта мектепте үш ауысымдық кесте болғанына қарамастан әр сыныпта шамамен 32-34 бала болады. Көршілес орналасқан №4 шағын аудандағы жаңа мектеп қолданысқа берілгенімен, мәселе түбегейлі шешіле қоймайды. Себебі осы маңның өзінде мектеп жасындағы 5 мыңға жуық бала бар. Сондықтан жергілікті билік қосымша ғимарат салып беруді жөн көріпті. Алайда құрылысы жақын уақытта басталмайтын сыңайлы.
Жеңісбек Ақбергенов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Тиісті тексеруден өтуі тиіс. Оған біршама уақыт керек. Содан кейін қаражат бөлініп, құрылыс басталады.
Қосымша ғимаратта 600 бала білім алатын болады. Сонда бұл аудандағы оқушыларды толықтай қамтуға жағдай болады. Жалпы өңірде қазір үш ауысымдық кестемен 5 білім ордасы жұмыс істеп тұр. 4 апатты ғимарат бар. Жергілікті билік бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 54 жаңа мектеп салуды көздеп отыр. Жыл соңына дейін 11-і қолданысқа берілуі тиіс. Қалғандары –
2025 жылға дейінгі жоспар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев