БҚО-дағы Қарашығанақ ауылында мектеп-балабақша кешені жабылуы мүмкін
Әкімдік өкілдері оқушыларды көрші ауылдың интернатына көшіруді ұйғарыпты. Алайда ата-аналар бұған қарсы. Олар шынашақтай балалардың жырақта оқығанын қаламайды. Оның үстіне ауылдағы мектеп жабылса, бірнеше адам жұмыссыз қалғалы тұр. Мұның соңы елді мекеннің тоз-тозы шығуына апаруы мүмкін деп алаңдайды жұрт.
Камила Ерубаева – екі баланың анасы. Тұңғышы бөбекжайға барады. Өзі сол мекемеде тәрбиеші. Кейіпкеріміздің кәсіби мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Ол енді ғана ұстаз ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуға өтініш білдіріп қойыпты. Алайда алақандай ауылдағы білім кешенінің келешегі жас ананы уайымға салып отыр.
Камила Ерубаева, Қарашығанақ ауылының тұрғыны:
- Осы жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша алып жатырмын. Құжаттарымды жинап, ақша берді. Жабылмағанын қалаймыз. Көптеген балалар балабақшаға келеді, оқушылар бар.
Қарашығанақ ауылы шекара мен кенішке жақын орналасқан. Сондықтан стратегиялық маңызға ие елді мекендер тізімінде тұр. Инженерлік желілердің бәрі тартылған. Мұнда 170-ден астам адам тұрады екен. Тұрғындардың тұрмыс сапасы тәуір. Тек мектеп-балабақша кешенінің жағдайы жұртты мазалап келеді. Өткен оқу маусымында бастауыш сыныпта 6 бала оқыған. Оның үшеуі тәмамдады. Енді олар Жарсуат округінің орталығындағы мектепке барып оқиды. Ал алақандай ауылда бірінші сыныпқа баратын жалғыз ғана бала бар. Яғни бастауыш мектеп жасындағы жеткіншектер саны енді төртеу ғана.
Марина Тарабанова, Қарашығанақ мектеп-балабақша кешенінің меңгерушісі:
- Ауылдың іргесінде Қарашығынақ кен орны бар. Көбісі сонда жұмыс істейді. Бұл жерден ешкімнің кеткісі жоқ. Мектеп жабылып қалса, жағдай қиындайды. Бала саны биыл ғана аз болып тұр. Ал одан кейінгі жылдары мына балабақшадағы бөбектер барады мектепке. Қазірдің өзінде 9 бала тәрбиеленіп жатыр. Сондықтан білім ошағын жабудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Мектеп-балабақша кешінінде бір мұғалім мен бір тәрбиеші тұрақты жұмыс істейді. Тағы төрт педагог Жарсуат ауылынан келіп, қосымша қызмет атқарады екен. Әкімдік өкілдері білім ошағының жұмысын енді біржола тоқтатуды шешіпті. Өйткені талап бойынша бірінші сыныпқа кемінде үш бала қабылдануы тиіс деседі.
Гүлнұр Қосжанова, Бөрлі аудандық Білім бөлімінің әдіскері:
- 2022-2023 оқу жылында Қарашығынақ мектеп-балабақша кешені жабылуға тиіс болады. Жарсуат орта мектебінің жанындағы интернатқа Қарашығанақ ауылынан келетін 4-сынып бітірген үш балаға, 3-сынып бітірген үш балаға және 1-сыныпқа баратын бір балаға орын дайын Ол жерде бір тәрбиеші мен бір педагог жұмыс жасап жатыр. Ол екеуін Жарсуат жалпы орта мектебіне орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Тұрғындар әлеуметтік нысанның жабылуына үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Ауылдық ағайын ғимаратты тым құрығанда шағын орталық ретінде қалдыруды сұрайды. Кешеннің келешегіне қатысты Қаулы облыс әкімдігінде қаралып жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов