Қарағанды облысына қарасты Суықсу ауылының тұрғындары балаларын қай мектепке апаратынын білмей дал
Ата-аналар болса, өзге қаладағы ағайын-туыс пен таныстарын жағалап, балаларын әр мектепте бір жыл оқытқан. Бірақ биыл мұндай қиындыққа төзбейміз деп отыр.
Саягүл Несіпбекқызы – көпбалалы ана. Ауылдағы мектеп жұмыс істеп тұрған кезде еш қиындық көрмеген ол азапты өткен жылы тартқан. Себебі екі баласы өзге ауылда оқыса, тағы бірі Қарағанды қаласында білім алады. Апта соңында оларды барып алып келу нағыз қиямет қайымға айналған. Бұл –Суықсудағы бар ата-ананың мұңы.
Саягүл Несіпбекқызы, Суықсу ауылының тұрғыны:
- Нұраталдыдағы балама бару үшін бірінші Қарағандыға барамын, сосын көлік ауысып, Нұраталдыға барамын. Осылайша екі ортада жүрдім. Енді биылғы жылы үшеуі де қыз бала болғандықтан, үшеуі де біреудің үйіне жатып оқымаймыз деп жылайды. Балалар негізі интернаттада жатып оқып көрген. Бірақ онда балалар бір-бірін ренжітеді.
Қазір ауылда мектеп жасындағы 16 оқушы бар. Жергілікті ірі шаруа қожалық өкілдері мұнда тағы отбасыларды көшіріп әкелуге ниетті. Бірақ мектеп жабылған соң, келем дегендер айнып қалыпты.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Бір кезде 300-ге жуық бала білім алып, іші абыр-сабыр болып жатқан алтын ұя мектептің қазіргі ахуалы осындай. Бала саны аз, мектеп апаттық болып табылған соң, оны қалыпқа келтіру тиімсіз көрінеді. Салдарынан былтыр балалар басқа жақтарға жіберіліп, ал есікке мынандай қара құлып салынған.
Мәселенің жалғыз шешімі – ол Суықсудан 13 шақырым қашықтықта тұрған Ақбастау ауылының мектебіне балаларды күнделікті тасымалдау. Жауаптылар конкурс жариялағанымен, екі мәрте өтпей қалған. Ал ауылда ешкімде талапқа сай келетін автобус типтес көлік жоқ.
Ардақ Әйкенова, Бұқар жырау ауданы Білім бөлімінің басшысы:
- Ауыл облыс орталығынан шалғайда жатыр. Сондықтан конкурсқа ешкім қатыспайды. Егер мемлекеттік сатып алу арқылы аталған мәселе шешімін таппаса, онда аталған ауылға бір автобусты бекітіп беру керек болады. Қыркүйекке қарай Суықсудағы оқушыларды Ақбастауға жеткізіп тұру мәселесі шешімін табады деп ойлаймын.
Бұқар жырау ауданында балалар 23 мектепке тасымалданады. Аудандық білім бөлімі балансында 12 автобус болса, қалғаны келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Ағымдағы жылы аудан тағы 7 автобусқа бюджеттік өтінім берген.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпхар