Бір баланы мектепке дайындауға орташа есеппен 100 мың теңге керек
Қазір бұл ұсынысты ата-аналар, мұғалімдер және орта білім беру ұйымдары қызу талқылап жатыр. Сондай-ақ биыл Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, кеңсе тауарлары былтырғымен салыстырғанда 13% қымбаттаған.
Әне-міне дегенше күрең күз де есіктен енгелі тұр. Бұл дегеніміз ата-ана шығыны екі есе көбейетінін білдіреді. Көпбалалы ана Балым Күзембаева балаларын мектепке толық дайындауға қымбатшылық қолбайлау болып тұрғанын айтады.
Балым Күзембаева, көпбалалы ана:
- 4 балам бар, оның екеуі – оқушы. Қызым 6 сыныпқа көшті. Қызға керек дүние көп, шамамен 60-70 мыңдай теңге кетті. Керек-жарағы әлі түгенделген жоқ, көп нәрсе алынған жоқ. Ұлыма 40-50 мың теңге шамасында кетті. Аяқ киім, жейде, сөмке алдым. Оқуға қажет дүниелері әлі алынбады.
Қалтаны қаққан нарықтың бағасы халықтың ырқына бағынар емес. «Үйдегі есепті базардағы баға бұзып тұр», - дейді ата-аналар.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, биыл кеңсе тауарлары 12,9%, мектеп формасы 7%, аяқ киім 15% қымбаттаған. Ал мектеп сөмкесінің орташа бағасы 20 мыңнан асып жығылады.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Жаңа оқу жылына әр бала мұнтаздай киініп, қажет құрал-жабдықпен барғысы келеді. Ата-ана да шамасы жеткенше баласын қуантуға асық.
Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кеңсе тауарлары толып-ақ тұр. Шамаң жетсе, шетінен ала беруге болады. Мен де бір балаға арналған ең қажет деген оқу құралдарын алып көрдім. Кеңсе тауарлары 30 мыңға шықты. Бұл спорттық кимді, мектеп формасын және аяқ киімді қоспағанда.
Ал киім-кешек, оқу-құралдарымен бірге бір баланы мектепке дайындауға 100 мың теңгеден аса қаражат қажет. Айтпақшы, алдағы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгерген жоқ. Ең бастысы, классикалық киім үлгісі сақталуы керек. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі өңірлік білім басқармалары костюмнің бірыңғай түсін енгізу мәселесін өздері шешетінін айтты.
Жомарт Қарамбаев, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Мектеп формасын сатып алу кезінде жекелеген қызмет көрсетушілерге артықшылық берілмейді. Ата-аналар мектеп формасын сатып алуда өз таңдауларына жүгінеді. Сонымен қатар білім басқармаларына мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу ұсынылады.
Алдағы оқу жылында 1-сынып оқушыларына ғана мектеп формасы қара көк түс боп міндеттеледі. Дегенмен оқушылардың алдыңғы оқу жылында алынған мектеп формаларын тозғанша киюге рұқсат беріледі. Одан кейін кезең-кезеңімен қою көк түсті мектеп формасына ауысады.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Самат Сүлейманов